Астаналық сәнқой әжелер Болгариядан жүлдемен оралды

0
105

"Kerbez_models" тобына Екатерина Жақияқызы жетекшілік етеді.


Астаналық сәнқой әжелер Болгариядан жүлдемен оралды

Сурет: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қарасты "Kerbez_models" тобының әжелері Болгарияда өткен халықаралық байқаудан жүлдемен оралды, деп жазады zakon.kz.

Жақында Болгарияның Обзор қаласындағы әйгілі "Амфитеатр" сахнасында хореографиялық өнердің "Би жағалауы" атты халықаралық фестиваль-байқауы өткен болатын. Бұл шара "Art in Motion" халықаралық жобасының аясында ұйымдастырылған мәдени оқиға болды.

Фестиваль Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Болгария Республикасындағы елшіліктерінің қолдауымен өтті. Іс-шараның басты мақсаты – хореография арқылы ұлттар арасындағы достықты нығайту, дәстүрлі және заманауи би мәдениетін дамыту, дарынды өнерпаздарды қолдау және халықтық хореография мұрасын сақтау болды.

Байқауға Қазақстан атынан қатысқан Сарыарқа ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының "KERBEZ MODELS" тобы ел намысын абыроймен қорғап, 60+ жас санаты бойынша "Сән шоуы. Ансамбль" номинациясының бірінші дәрежелі лауреаты атанып, сондай-ақ "Сахна бейнесін жарқын бейнелегені үшін" арнайы марапаттарға ие болды:Өнер додасында елордалық сәнқой әжелер Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Дизайн академиясының академигі, "Алмас тасты алтын қайшы" иегері Қайрол Әбішевтің "ZEKEN MODA" брендіндегі сәндік коллекциясының киім үлгілерін ұсынды.

"Kerbez_models" тобына Екатерина Жақияқызы жетекшілік етеді. Бүгінде сән тобының кербез әжелері ұлттық нақыштағы киім үлгілерін дәріптеп жүр.

Сәнқой әжелеріміз Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына аптасына 3 рет жиналып, дайындық жұмыстарын жүргізеді.