Астанада «Жұлдызай» республикалық ұлттық инклюзивті ойындар өтіп жатыр

0
88

2-4 қазан аралығында өтетін бәсекеге еліміздің 17 облысы мен 3 мегаполисінен 10-16 жас аралығындағы 542 спортшы қатысуда.


Астанада «Жұлдызай» республикалық ұлттық инклюзивті ойындар өтіп жатыр

ERNUR.KZ. Астанада мүгедектігі бар балалардың өмірін жақсартуға, спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған «Жұлдызай» республикалық ұлттық инклюзивті ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

2-4 қазан аралығында өтетін бәсекеге еліміздің 17 облысы мен 3 мегаполисінен 10-16 жас аралығындағы 542 спортшы қатысуда.

«Бұл спорттық шара – еліміздегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы бірегей жоба. Министрлік тарапынан мүгедектігі бар жандардың спортпен шұғылдануы үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Соның арқасында осы санаттағы азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Елімізде өз үлесін қосып жүрген «BI Жұлдызай» қорына ерекше алғысымды айтамын. Бүгінгі қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Руслан Есеналин.

2024 жылмен салыстырғанда биылғы жарыста спорттың саны 7-ден 9-ға көбейді. Жеңіл атлетика, голбол, мини-футбол, үстел теннисі, бес тас, асық ату, тоғызқұмалақтан бөлек, шоудаун мен бочча спорттары жаңадан енгізілді.

«Осы шараға бірнеше рет құрметті қонақ ретінде шақырылғаныма қуаныштымын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында спорт және дене шынықтыру қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс, ал ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін олардың дамуы мен толыққанды өміріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, арнайы клубтар мен оңалту орталықтарын құру қажет деп айтқан болатын. Осы жерде сіздерге өз өмірімдегі тәжірибемді айтқым келеді. Ең бастысы - чемпион болуға ұмтылыңыздар. Тынымсыз еңбек, мақсат болған сәтте ғана, сіздер биік шыңдарды бағындырасыздар. Бүгінгі шара арқылы өздеріңізге ұнайтын спортты анықтауға тырысыңыздар. Сіздер Қазақстанның болашақ үмітісіздер» - деді пара жүзуден Рио Паралимпиадасының чемпионы Зүлфия Габидуллина.

Респубикалық додаға қатысу үшін 2025 жылы еліміздің барлық өңірлерінде арнайы іріктеу кезеңі өткен еді.

Ауқымды шара 2016 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.