Ең қомақты жүлде Dota 2 және PUBG: Battlegrounds дисциплиналарында қарастырылған – әрқайсысына 1 млн АҚШ долларынан беріледі.
ERNUR.KZ. 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада алғаш рет халықаралық мультиспорттық «Болашақ ойындары - 2026» турнирі өтеді. Оған әлемнің жетекші клубтары мен командалары қатысады. Жарыстар қаланың төрт нысанында: «Барыс Арена», BEELINE Arena, «Қазақстан» жеңіл атлетика кешені мен Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді.
Турнирдің жалпы жүлделік қоры 4 млн 650 мың АҚШ долларын құрайды. Ең қомақты жүлде Dota 2 және PUBG: Battlegrounds дисциплиналарында қарастырылған – әрқайсысына 1 млн АҚШ долларынан беріледі.
«Бұл қаражаттың барлығы демеушілер бөлген қаржы екенін атап өткім келеді», – деді спикер.
Оның айтуынша, «Болашақ ойындары» Қазақстанда киберспорттың одан әрі дамуына серпін береді. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жыл Цифрландыру жылы болып жарияланғанын еске салды.
Сонымен қатар «Болашақ ойындары» аясында Астанада халықаралық Phygital Summit форумы өтеді. Іс-шара Astana Hub жанындағы AI Alem алаңында ұйымдастырылады. Форумға шетелден 250-ге жуық қонақ, оның ішінде бірқатар мемлекеттердің министрлері қатысады.


