Астанада бүлдіршін отырған лифт 9-қабаттан құлап кетті

0
102

​Оның жағдайына қатысты мәлімет белгілі болды.


Астанада бүлдіршін отырған лифт 9-қабаттан құлап кетті

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Астанада тұрғын үй кешендерінің бірінде ішінде бүлдіршін отырған лифт тоғызыншы қабаттан құлап кетті. Ол жеңіл жарақат алып, аман қалды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Әлеуметтік желіде елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде лифт тоғызыншы қабаттан құлағаны туралы ақпарат тарады. Лифт кабинасында болған бала құлау кезінде құйымшақ тұсынан жарақат алған. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ол №2 көпсалалы балалар ауруханасына жүгінген.

«Қабылдау бөлімінде мамандар қарап шықты. Ауыр жарақаттардың болмауына байланысты ауруханаға жатқызу қажет болмады. Бала тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық емдеуге жіберілді», – деп хабарлады ведомство.

Астана қалалық Полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын нақтылады.

«Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – деді полиция өкілдері агенттікке берген түсініктемесінде.

Құқық қорғау органдары тұрғындарға лифт пайдалану ережелерін қатаң сақтау керектігін, әсіресе кабинаға артық жүк салуға болмайтынын ескертті. Ал басқарушы компаниялар мен қызмет көрсетуші ұйымдарға жабдықты жүйелі түрде техникалық тексерістен өткізіп, жөндеу жұмыстарын дер кезінде жүргізу ұсынылды.