Астанада блогер Ерболат Жанабылов әйелімен жанжалдасқаннан кейін қамалды

0
124

​Блогердің 28 тамызда пробациялық бақылау талаптарын бұзғаны да анықталды.


Астанада блогер Ерболат Жанабылов әйелімен жанжалдасқаннан кейін қамалды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Астанада блогер Ерболат Жанабылов әйелі Эльмира Төлегеновамен ұрысқаннан кейін ұсталды. Полиция Эльмира Төлегенованың Threads желісіндегі жазбасынан кейін тексеру жүргізе бастады. Ол жазбасында болған жағдай туралы айтып, қолындағы қызарған жерлерді көрсетті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында аталған видеоны анықтаған. Полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, ерлі-зайыпты арасында тұрмыстық жанжал болғанын анықтады.

«30 қыркүйекте полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жасаған кезде Threads әлеуметтік желісінен блогер Эльмира Төлегенованың жолдасы Ерболат Жанабыловқа қатысты бейнежазбасын тапты. Бейнежазбада әйел болған жанжалдың мән-жайын айтып, қолындағы қызарған жерлерін көрсеткен. Осы факті бойынша оқиға орнына полиция қызметкерлері барды. Тексеру барысында ерлі-зайыпты арасында тұрмыстық жанжал болғаны анықталды. Бұл ретте Эльмира Төлегенова полицияға арыз беруден бас тартқаг. Сонымен қатар полиция Жанабыловқа қатысты отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекет жасағаны үшін әкімшілік материал толтырды. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды», – деп хабарлады Астана қаласының Полиция департаменті.

Іс материалдары шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Полиция сондай-ақ блогердің 28 тамызда пробациялық бақылау талаптарын бұзғанын хабарлады. Сағат 22:00-ден кейін ол үйінен шығып кеткені анықталды. Бұл эпизод бойынша да материалдар сотқа жолданды.