​Астана – Семей бағытындағы Stadler пойызының алғашқы рейсіне билеттердің 90%-ы сатылды

0
100

13 қарашада Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалынан Қазақстанда шығарылған Stadler вагондарынан жасақталған жолаушылар пойызы алғаш рет Семей бағытында жолға шығады.


​Астана – Семей бағытындағы Stadler пойызының алғашқы рейсіне билеттердің 90%-ы сатылды

фото: «Қазақстан темір жолы»

ERNUR.KZ. Жаңа пойызға жолаушылар тарапынан сұраныс жоғары. Алғашқы рейске 467 билет сатылды. Бұл – пойыздағы барлық орынның 90%-ы. Яғни алғашқы сапарға билеттердің басым бөлігі сатылып үлгерді, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» баспасөз қызметі.

Жаңа вагондар №153/154 «Нұрлы жол – Семей» пойызының құрамында күнара қатынайды. Пойыз Астанадан сағат 16:40-та аттанып, келесі күні таңғы 06:10-да Семейге жетеді. Кері бағытта Семейден сағат 15:00-де шығып, Астанаға келесі күні 05:05-те келеді.

Жаңа пойыз құрамы 13 вагоннан тұрады. Оның ішінде 5 купе, 5 плацкарт, 1 штабтық вагон және электр қуатымен қамтамасыз ететін 2 вагон-электр станциясы бар.

Астана – Семей бағытында әйелдерге арналған арнайы вагон да сақталған. Бұл әйел жолаушылардың сапар барысында өздерін жайлы сезінуіне мүмкіндік береді.

Аталған бағыттағы пойыз құрамының жаңартылуы – еліміздегі жолаушылар вагондары паркін жаңғырту бағдарламасының кезекті кезеңі. Бұл жұмыс теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті күшейтуге, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.

Stadler вагондары Қазақстанның климаттық ерекшеліктеріне бейімделген. Олар –50 градустан +45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға жарамды. Вагондардың қызмет ету мерзімі – 40 жыл.

Купе вагонында 40, ал плацкарт вагонында 58 жолаушыға арналған орын бар. Жолаушылардың жайлылығы үшін вагондар климаттық бақылау жүйесімен, жеке жарықтандыру шамдарымен, 220 В электр розеткаларымен, USB және USB-C қуаттау ұяшықтарымен, бейнебақылау жүйесімен және жүк сақтайтын орындармен жабдықталған. Қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін де арнайы жағдай жасалған. Сондай-ақ пойызда тамақтануға арналған буфет аймағы қарастырылған.

Келесі рейстерге билеттерді bilet.railways.kz сайтынан және теміржол кассаларынан сатып алуға болады.