Астана аспанында белгісіз жарық байқалды

0
128


Астана аспанында белгісіз жарық байқалды

фото: видеодан скрин

Астаналықтар аспандағы "жарқыраған нысанды" видеоға түсіріп алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Кеше түнде Астана тұрғындары аспанда байқалған жұмбақ жарықты видеоға түсіріп алған. Бұл видео әлеуметтік желіде тарады.

Пікір бөліскен Astro Astana жобасының негізін қалаушы, әуесқой астроном Артур Гайдук видеоның шынайылығына күмәнмен қарайды. Оның ойынша, бұл – әлеуметтік желілердегі назар аударту үшін жасалған монтаж болуы мүмкін.

"Қазіргі жасанды интеллект пен бейнемонтаж мүмкіндіктерімен неше түрлі нәрсе жасауға болады. Егер өзім немесе сенімді таныстарым көрген болса – басқа әңгіме. Ал мұндай видеолар, әсіресе әлеуметтік желілерде тараса, олардың шынайылығына онша сене бермеймін.
Мұндай видеолар хайп, пікір белсенділігі, парақшаларға жазылу үшін жасалады. Менің алғашқы әсерім – осы. Оның үстіне, ондай нысан радарлар мен бақылау құралдарынан жасырын өте алмайды. Қаланың үстінде барлық нысандар мен ұшақтар жіті бақылауда", – деді Гайдук.

Тағы бір пікірді әуесқой астроном Мұрат Сиеубаев білдірді.

"Бұл ғимараттардың архитектуралық жарықтандыруынан болуы мүмкін. Жарық төменгі бұлт қабатына проекцияланады. Жарық пен көлеңкенің ойыны", – дейді ол.