Әскери білім беру жүйесіне озық цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр

0
137

Әскери қызметтің қарқынды цифрландырылуы жағдайында киберкеңістік іс жүзінде жаңа ұрыс алаңына айналды.


Әскери білім беру жүйесіне озық цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр

ERNUR.KZ. Отандық әскери институттар бөлімшелерді басқару, логистика, инженерлік қамтамасыз ету, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс, әскери психология, тәрбие жұмысы, дене даярлығы, авиация және әуе шабуылына қарсы қорғаныс бағыттары бойынша офицерлерді даярлайды. Жоғары технологиялық бағыттарды дамытуға ерекше басымдық берілуде. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев ОКҚ алаңында мәлімдеді.

Әскери қызметтің қарқынды цифрландырылуы жағдайында киберкеңістік іс жүзінде жаңа ұрыс алаңына айналды. Қазіргі заманғы қақтығыстар қару қолданумен қатар ақпараттық операциялардың, аса маңызды инфрақұрылымды қорғаудың, байланыс жүйелерінің орнықтылығын қамтамасыз етудің және цифрлық қатерлерге қарсы іс-қимыл жасаудың маңызын айқын көрсетіп отыр. Осыған байланысты әскери білім беру жүйесінде ақпараттық қауіпсіздік, криптология, автоматтандырылған басқару жүйелері және радиоэлектрондық күрес салалары бойынша мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар деректерді талдау, ақпараттық ресурстарды қорғау және киберықпал жағдайында әскери желілердің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағыттары дамытылуда.

Оның хабарлауынша, әскери білім беру жүйесінде оқу үдерісіне озық цифрлық шешімдер, симуляциялық технологиялар, жасанды интеллект элементтері мен қорғалған ІТ-инфрақұрылым кезең-кезеңімен енгізіліп келеді.

«Офицерлерді даярлау барысында әскерлерді автоматтандырылған басқару жүйелерімен, цифрлық барлау және байланыс құралдарымен жұмыс істеу, сондай-ақ ұшқышсыз авиациялық жүйелерге қарсы іс-қимыл жасау құзыреттері қалыптастырылады. Ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы күрес, әуе кеңістігін қорғау және ақпараттық қауіптерді бейтараптандыру қазіргі әскери даярлықтың ажырамас бөлігіне айналды. Технологиялық дамумен қатар, біз болашақ әскери қызметшілердің көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға ерекше мән береміз. Біз тек кәсіби мамандарды ғана емес, жауапты шешім қабылдай алатын, жеке құрамға жауапкершілікпен қарайтын және ең күрделі жағдайда бөлімшенің орнықтылығын сақтай білетін командирлерді тәрбиелейміз», – деді М.Олжабаев.

Әскери білім беруді дамытудың басым бағыты – тәжірибеге бағдарланған даярлық. Біз далалық, тактикалық-арнаулы және командалық-штабтық сабақтардың үлесін жүйелі түрде арттыра отырып, оқу үдерісін әскери қызметтің нақты жағдайлары мен қазіргі заманғы ұрыс жүргізу тәсілдеріне барынша жақындатудамыз. Оқыту барысында қазіргі қарулы қақтығыстарды және әскерлерді қолдану тәжірибесін талдау негізінде әзірленген нақты қызметтік-жауынгерлік кейстер кеңінен пайдаланылады. Курсанттар мен кадеттер уақыттың шектеулігі, ақпараттық белгісіздік және жеке құрам мен әскери техника үшін жоғары жауапкершілік жағдайында әрекет ету алгоритмдерін пысықтайды. Шешім қабылдау, өзгермелі жағдайда бөлімшелерді басқару және әскер тектері арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыру дағдыларын дамытуға ерекше назар аударылады.

Практикалық даярлықта ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдану ерекше орын алады. Курсанттар мен кадеттер ҰҰА-ны пайдалана отырып барлау жүргізу, атысты түзету, бақылау және жағдайды бағалау, сондай-ақ қарсыластың ұшқышсыз құралдарына қарсы іс-қимыл жасау тәсілдерін меңгереді. Сонымен қатар ұшқышсыз кешендерді бөлімшелерді басқару жүйесіне ықпалдастыру бойынша құзыреттер қалыптастырылады. Бұл ақпаратты жедел алу мен нысанаға дәл бағыттау табыстың негізгі факторына айналған қазіргі заманғы қарулы күрестің талаптарына толық сәйкес келеді.