Аралды құтқарудан бастап «жасыл мектептерге» дейін: Орталық Азия жастары RES-2026 саммитінде климаттық дағдарыспен күресу үшін күш біріктіреді

0
98

Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен келген 100-ден астам жас эко-белсенділер мен көшбасшылар климаттық дағдарыспен күресу үшін күш біріктіреді.


Аралды құтқарудан бастап «жасыл мектептерге» дейін: Орталық Азия жастары RES-2026 саммитінде климаттық дағдарыспен күресу үшін күш біріктіреді

ERNUR.KZ. 2026 жылғы 24 сәуірде Астанада ауқымды Өңірлік экологиялық саммит (RES-2026) аясында БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) «Болашақ экожүйе: балалар мен жастар тұрақты даму сәулетшілері ретінде» атты арнайы жастар воркшобы өтеді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

ЮНИСЕФ-тің ҚР Оқу-ағарту министрлігімен, сондай-ақ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған бұл іс-шарасы өңірлік экологиялық диалог үшін бірегей алаңға айналмақ. Орталық Азияның түкпір-түкпірінен жиналған 16 мен 25 жас аралығындағы жастарды, БҰҰ сарапшыларын, бизнес және үкімет өкілдерін қамтитын 150-ге жуық қатысушы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған практикалық шешімдерді бірлесе әзірлейді.

«Балалар мен жастар – бүгінгі қабылданып жатқан климаттық шешімдердің салдарымен бетпе-бет келетін және сол жағдайда өмір сүретін буын. Біздің ЮНИСЕФ-тегі басты міндетіміз – олардың үні жоғары деңгейде естілуі үшін тиісті алаң ұсыну. Орталық Азия жастарының басын қосу арқылы біз бүкіл аймақтың тұрақты әрі қауіпсіз болашағына инвестиция құйып отырмыз», – деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар.

Пікірталастың басты тақырыптарының бірі «Жасыл мектептер» өңірлік платформасы (RGSP) болмақ. «Жасыл мектептерді» дамыту – экологиялық сананы қалыптастырудың іргетасы ретінде қарастырылады. Қатысушылар білім беру мекемелерін тұрақты даму орталықтарына қалай айналдыруға болатынын талқылайды. Мұндай орталықтарда балалар климат туралы теориялық білім алып қана қоймай, ресурстарды үнемдеу технологияларын іс жүзінде қолданып, болашақ мамандықтарына қажетті «жасыл» дағдыларды меңгереді.

Мектептерден бөлек, жас делегаттар интерактивті форматта су ресурстарын басқару, ормандарды сақтау, айналмалы (циклді) экономиканы дамыту және климаттық мәселелерді шешуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану салаларындағы шешімдер үстінде жұмыс істейді.

Воркшоп қорытындысы бойынша жастар командалары өз жобаларын мәртебелі қазылар алқасына таныстырады. Олардың жұмысының нәтижелері RES-2026 Өңірлік экологиялық саммитінің қорытынды құжаттарына біріктірілетін Жастар мәлімдемесінің негізіне айналады деп күтілуде.