Фельдшерлер саны тағы 120 қызметкерге көбейді.
ERNUR.KZ. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров пен Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров мегополистегі жедел жәрдем қызметінің жұмысымен танысып, күзгі кезеңге дайындығын бағалады, деп жазады ҚазАқпарат.
Ержан Бабақұмаров ЖМКҚ ақпараттық-жедел диспетчерлік бөлімінің жұмысымен танысты. Алматы қалалық Жедел медициналық жәрдем қызметінің бас дәрігері Біржан Оспанов барлық қызметкерлер коронавирус инфекциясының қайта өршуіне дайын екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта бізде 11 қосалқы станцияда 180 бригада жұмыс істейді. Бұл 3 мыңнан астам қызметкер – дәрігерлер, фельдшерлер мен жүргізушілер. Барлық мамандар жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Коронавирустың жаңа толқыны басталса, біз 103 желісінің санын 30-дан 50-ге дейін, қоңырауларды қабылдау және беру бойынша фельдшерлердің санын 12-ден 22-ге дейін, ал бригадалардың санын 220-ға дейін көбейтеміз»,– деді Біржан Оспанов.
Сонымен қатар, ол фельдшерлер саны тағы 120 қызметкерге көбейетінін жеткізді.
«Жедел жәрдем вагондарын дезинфекциялық өңдеуге уақытты үнемдеу үшін біз заманауи технологияларды, атап айтқанда бу генераторын қолданамыз. Осылайша, Алматы қаласының Жедел медициналық жәрдем қызметі дәрігерлердің жұмысын тиісті деңгейде қолдайтын барлық негізгі пункттер бойынша дайын»,– дейді ол.
Қазіргі уақытта 3000-505 Сall-орталығы қала тұрғындарының сұрақтарына жауап береді.
«Жедел бөлім шақыруларды қабылдап, бригадаларды шұғыл медициналық көмекке мұқтаж пациенттерге жібереді. Осылайша, біз 103 желісіннің жүктемесін көбейтпей, жедел қоңырауларға уақытында жауап бере аламыз. Диспетчерлер шақыруларды қосалқы станциялар бойынша бөледі және науқастарға шақыру орнына жақын бригаданы жібереді. Қазір COVID-19 бойынша өтініштер санының қысқарғаны байқалады», - деп атап өтті Алматы қалалық Жедел медициналық жәрдем қызметінің бас дәрігері Біржан Оспанов.