Алматыдағы жол апаты: бірнеше іс қозғалып, полицейлер қызметінен кетті

0
85

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Алматыда үш адамның қаза болуына себеп болған жол апатына байланысты бірқатар қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.


Алматыдағы жол апаты: бірнеше іс қозғалып, полицейлер қызметінен кетті

фото: zakon.kz, t.me/kris_p_almaty_kz

ERNUR.KZ. Алматыдағы резонанс тудырған жол-көлік оқиғасы қылмыстық істердің қозғалуына, күдіктілердің қамауға алынуына және полициядағы кадрлық шешімдерге әкелді, деп жазады ulysmedia.kz.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Алматыда үш адамның қаза болуына себеп болған жол апатына байланысты бірқатар қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ішкі істер министрі Ержан Саденов тапсырмасы бойынша жағдай алғашқы сағаттардан бастап ерекше бақылауға алынған. Оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде қоғамдық кеңістікте тараған ақпарат та тексеріліп жатыр.

ҚАМАУ ЖӘНЕ ЖАҢА ІСТЕР

Апат фактісі бойынша бұған дейін қылмыстық іс қозғалған; ZEEKR көлігінің күдікті жүргізушісі сот санкциясымен қамауға алынды; оның жол апаты кезінде жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны анықталды.

Сонымен қатар қызметтік тексеріс басталды. Оны жүргізу үшін Алматыға Ішкі қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Кадр жұмысы департаментінің басшылары жіберілді. Бұдан бөлек, мемлекеттік нөмірлік белгілерді заңсыз беру фактісі бойынша жеке қылмыстық іс қозғалды.

ПОЛИЦИЯДАҒЫ ТЕКСЕРІС

Сондай-ақ полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушіге қатысты әрекетсіздігі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. ІІМ барлық жағдайды, соның ішінде медиа кеңістіктегі мәліметтерді де жан-жақты зерделейтінін атап өтті.

КАДРЛЫҚ ШЕШІМДЕР

Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты кадрлық шаралар қабылданды:

Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары (сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігіне жауапты) қызметінен босатылды;

әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары да лауазымдарынан алынды.

- Егер заңбұзушылықтар расталса, жауапкершілікке тек тікелей қатысқандар ғана емес, сондай-ақ әрекеті немесе әрекетсіздігі оқиғаға әсер еткен не оны жасыруға ықпал етуі мүмкін лауазымды тұлғалар да тартылады. Азаматтарға, әлеуметтік желі қолданушыларына және БАҚ өкілдеріне тексерілмеген, жалған ақпарат таратудан және асығыс қорытынды жасаудан бас тартуға шақырамыз. Жалған мәлімет таратқандар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ішкі істер министрлігі принципті әрі жүйелі жұмыс істейді. Заң мен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу тоқтатылды және тоқтатыла береді. Заңды саналы түрде елемеген әр адам жауапқа тартылады. Заң бәріне ортақ — мәртебесіне, қызметіне немесе байланысына қарамастан. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі, — деді ІІМ департаменті бастығы, ресми өкіл Шыңғыс Алекешев.