Зардап шеккен адамға оқиға куәгерлері көмек көрсеткен.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Алматыда Сейфуллин даңғылы, Forum сауда орталығының қарсы алдындағы жол үстінде екі ер адам жанжалдасты, деп жазады stan.kz.
Оқиға қара түсті ROX көлігінің жүргізушісі бұрылып, жолға қосылмақ болған кезде басталған. Алайда негізгі жолмен келе жатқан көлік оған жол бермеген. Оған ашуланған ROX жүргізушісі екінші көліктің соңынан түсіп, оны бірнеше рет тоқтатуға тырысқан.
Кейін екі көлік тоқтаған кезде екінші жүргізуші сөйлесу үшін көліктен шыққан. Сол сәтте ROX жүргізушісі оған жақындап барып, бет тұсынан соққы жасаған. Соққыдан ер адам асфальтқа құлап, есінен танып қалған. Жедел жәрдем келгенше шабуыл жасаған жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған.
Зардап шеккен адамға оқиға куәгерлері көмек көрсеткен. Ол есін жедел жәрдем көлігінде жиған.
Ер адам полициядан шабуыл жасаған жүргізушіні тауып, заң аясында жауапқа тартуды сұрады. Ал полиция оқиғаға қатысушылардың анықталғанын және қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.


