Зардап шеккен қыздың анасы әкімдік пен құрылыс компаниясынан оқиғаны тексеруді және шара қабылдауды талап етті.
ERNUR.KZ. Алматыда тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында бала зардап шекті. Қыздың анасының айтуынша, баласы шам бағанасының жанында ойнап жүрген кезде абайсызда тоқ жүрген темір арматураға тиіп кеткен, деп жазады baq.kz.
Қызым жерде отырып, тастармен ойнап жатқан. Сол сәтте шығып тұрған арматураға қолы тиді. Оны тоқ соғып, бірден құлап қалды. Қызымды қолынан әрең тартып алдым, өзімді де тоқ соқты. Жедел жәрдем шақырдық, қазір қызым күйік пен электр жарақатымен жансақтау бөлімінде жатыр, – деді әйел.
Оқиға RAMS Kazakhstan компаниясы салған, Новая көшесі, 39 мекенжайындағы тұрғын үй кешенінің ауласында болған.
Зардап шеккен қыздың анасы әкімдік пен құрылыс компаниясынан оқиғаны тексеруді және шара қабылдауды талап етті.
Күн сайын балалар ойнайтын ауланың ішінде 220 вольттық тоқ жүрген шығып тұрған арматура бар болып шықты. Бұл кез келген баланың өміріне төнген қауіп. Мен әділдік орнағанын және осы үшін жауаптылардың жазаланғанын қалаймын, – деді ол.
Оқиғаға қатысты Алматы қаласы Полиция департаменті пікір білдірді.
Аталған дерек бойынша Әуезов аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімімен тексеру жүргізілуде. Істің нақты мән-жайы анықталғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатын болады, – деді полиция.