Алматыда отбасылық ойын алаңында ер адам 7 жасар балаға күш қолданған, алайда полиция істі тоқтатып тастаған

0
133

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері арызды қабылдап, бейнебақылау камерасына түскен жазбаларды алған.


Алматыда отбасылық ойын алаңында ер адам 7 жасар балаға күш қолданған, алайда полиция істі тоқтатып тастаған

Фото: Threads harmfulprincess

ERNUR.KZ. Алматыдағы NEXT ойын-сауық орталығында 40 жас шамасындағы ер адам жеті жастағы балаға күш қолданған. Аталған жайт бойынша қозғалған қылмыстық іс арада бір ай өткен соң тоқтатылған. Баланың анасы тергеу толық жүргізілмегенін айтып, шешіммен келіспейтінін мәлімдеді, деп жазады stan.kz.

Оқиға қалай болды?

Камила есімді әйел мән-жайды Threads парақшасында баяндады. Айтуынша, бұл жағдай биыл 2 маусымда NEXT отбасылық орталығында болған. 40 жас шамасындағы ер адам жеті жасар балаға футбол алаңында күш көрсеткен.

“Салдарынан ұлым Арслан дене жарақатын алды. Сол күні ойын алаңында балалар арасында жанжал болған. Шамамен 38–40 жастағы ер адам осы жанжалға араласқан. Ол “балаларды ажырату үшін кірдім” дейді. Алайда бейнебақылау камерасынан ұлымның төбелеске мүлде араласпағанын көрдім. Ол алаңның бұрышында басқа бір баламен бірге тұрған. Бейнежазбада олардың төбелескені де, бір-біріне қол көтергені де көрінбейді”, – дейді баланың анасы.

Әйелдің сөзінше, ер адам баланы бұғана тұсынан қатты қысып ұстап, күш қолданған.

“Балам сүйегі сынып кеткендей қатты ауырғанын айтты. Оған қоса ер адам ұлыма балағат сөздер айтып, қорқытқан. Ал Арслан қатты қорыққандықтан қозғалмаған. Оқиғадан кейін бірнеше апта бойы түнде болмашы дыбыстан шошып оянып, жылап жүрді. Оқиға кезінде алаңда балалардан бөлек орталықтың аниматоры да болды. Алайда ол жанжалдасып жатқан балаларға араша түспеген. Куәгер әйел күдіктіге айғайлаған соң ғана ол Арсланды жіберген. Ұлым жылап, алаңнан жүгіріп шығып, маған келді. Бірден оқиға орнына барып, күдіктіні көрдім. Ол қойған сұрақтарыма мысқылдап: “Енді не істейсіз? Қолдарыңыздан не келеді?” деп жауап берді. Кейін балағаттап, оқиға орнынан кетіп қалғысы келді. Алайда оны өзім ұстап, сол жерде полиция шақырдым”, – дейді жәбірленушінің анасы.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері арызды қабылдап, бейнебақылау камерасына түскен жазбаларды алған.

“Сол күні кешке ұлым Алматы қаласындағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында тексеруден өтті. Дәрігерлер ұлымның денесіндегі жарақаттарды тіркеп, суретке түсірді. Медициналық куәландырудан кейін оқиға орнына келген полицей хабарласып, бөлімшеге келуімді сұрады. Сол сәттен бастап бұл істе бірнәрсе дұрыс емес екенін түсіндім. Учаскелік инспектор күдіктімен татуластырмақ болды. Оған қоса ер адамның баладан “кешірім сұрағанын” еске салды. Десе де татуласудан бас тарттым”, - дейді әйел.

Әйел татуласудан бас тартқан соң ер адам оған қарсы арыз жазған.

“Полиция оның арызын қабылдады. Оған қоса оны ұстаған кезде мойнына түскен тырнақ іздерін тіркету үшін жедел жәрдем шақырды. Келесі күні полиция мені басқармаға шақырды. Тергеу бөлімінің басшы күдіктімен татуласуды ұсынды. Тағы да бас тарттым. Өйткені бөтеннің баласына күш қолдануға ешбір ересек адамның құқығы жоқ деп есептеймін. Соған қарамастан татуласу мәселесі тергеу барысында бірнеше рет көтерілді. Ақыры 3 маусымда қылмыстық іс тіркеліп, ұлым ресми түрде жәбірленуші деп танылды”, – дейді әйел.

Әйелдің сөзінше, іс материалдарында:

  • медициналық құжаттар;
  • жарақаттардың суреті;
  • куәгердің жауабы;
  • бейнебақылау камерасының жазбалары;
  • ұлыма берілген ресми жәбірленуші мәртебесі көрсетілген.

Бала ресми түрде жәбірленуші деп танылғанымен, барлық дәлелдер толық зерттелмей жатып іс жабылған.

“Ұлыма сот-психологиялық сараптама тағайындалмады. Бір адамнан басқа куәгерлерден жауап алынбады. Оқиға болған күні полицияға тапсырылған жарақаттардың суреті сот-медициналық сараптама жүргізген сарапшыға ұсынылмаған. Мұны 29 маусымда бір-ақ білдім. Сосын қайта сараптама тағайындау және суреттерді қылмыстық іс материалдарына қосуды сұрап бірнеше өтініш бердім. 9 шілдеде қылмыстық істің құқық бұзушылық құрамның болмауына байланысты тоқтатылғанын білдім. Бір қызығы, істі тоқтату туралы қаулы 30 маусымда шығарылған екен. Десе де дәл сол күні істі жүргізген анықтаушы мені күдіктімен беттестіріп, қайта сараптама жүргізу туралы өтінішімді қабылдаған еді”, – дейді жәбірленушінің анасы.
қылмыс
Фото: Threads harmfulprincess

Әйел 9 шілде күні қайтадан Алматы қаласының прокуратурасына шағым түсірген. Ал 21 шілде күні прокуратура істі тоқтату туралы қаулының күшін жоюға негіз жоқ деп жауап берген.

“Прокуратура баланы ұрып-соққанын дәлелдейтін айғақ жеткіліксіз деп мәлімдеді. Біз ұсынған медициналық қорытынды, жарақаттардың суреті, бейнежазбалар, куәгердің жауабы мен бірнеше рет берген өтінішіміз істі қайта қарауға негіз болмады. Баланың құқығы қорғалуы үшін тағы қанша дәлел қажет? Бұл жерде мәселе менде емес, балада”, – дейді әйел.

Полиция не дейді?

Аталған жағдайға қатысты Алматы қаласы полиция департаментінен істің неліктен тоқтатылғанын, оқиғаның жай-жапсарын айты.

Полиция мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, қажет тергеу әрекеттері жүргізілді.

“Медеу аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 1-бөлігі (Ұрып-соғу) бойынша қылмыстық істі тіркеді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтау үшін қажет тергеу әрекеттері жүргізілді. Жиналған дәлелдерді тексеру барысында қылмыстық құқық бұзушылық құрамы анықталған жоқ. Сондықтан Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына (Іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар) сәйкес іс тоқтатылды”, – делінген жауапта.

Полиция мәліметінше, іс материалдары күдіктіні әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін ювеналдық полиция бөліміне жолдады.