Алматыда "Ленина 36" дәмханасы халықтың сынынан соң атауын өзгертетін болды

0
110

Желі қолданушылары Алматыда әлі ашылып үлгермеген "Ленина 36" дәмханасынан жұмысын тоқтатуды талап еткен еді.


Алматыда

Фото: erdentakenov Threads парақшасынан алынды

ERNUR.KZ. Алматыда әлі ашылып үлгермеген "Ленина 36" дәмханасы халықтың наразылығынан соң атауын өзгертетін болды, деп жазады stan.kz.

Аталған ақпаратты дәмхананың өзі Instagram парақшасында мәлімдеді. Сондай-ақ олар жобаның Алматының сәулеттік және мәдени бейнесімен байланысты болғанын жеткізді.

“Соңғы күндері бізге көптеген кері байланыстар келіп түсті. Сол пікірлердің арасында қолдау, қызығушылық және сын айтқан оқырмандар да болды. Бізге қолдау көрсеткен барша оқырмандарға шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Біздің тарапымыздан кеткен қателіктер үшін шын жүректен кешірім сұраймыз. Еліміздің мәдениеті мен тарихы біз үшін үлкен орын алады және сый құрметпен қараймыз. Бұл жобаны құрастырғанда ешкімге зиян келтіру ойымызда болған жоқ. Біздің басты мақсатымыз ескі Алматының сәулеттік және мәдени бейнесімен байланысты болған. Жобаның құндылығын сақтап қалу үшін, жазылған пікірлерді оқып, жобаның атын өзгертуді шештік”, – делінген жазбада.

Сондай-ақ дәмхана жобаның жаңа атауын жақын арада хабарлайтынын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Желі қолданушылары Алматыда әлі ашылып үлгермеген "Ленина 36" дәмханасынан жұмысын тоқтатуды талап еткен еді. Олар мекеменің Кеңес Одағының негізін қалаушы Владимир Лениннің атымен аталуына наразы болған.