Алматыда бес жатақхананың құрылысы басталды

0
140

Құрылыс жұмыстары бір жарым жыл ішінде аяқталады деп жоспарланған.


Алматыда бес жатақхананың құрылысы басталды

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

ERNUR.KZ. Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қалашығында студенттерге арналған жатақханалар құрылысының капсуласын салу рәсімі өтті. Тоғыз қабатты 5 жатақхана ҚазҰУ қалашығы құрылысының II даму жоспары аясында бой көтереді. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Жатақханалардың құрылысына инвестор ретінде Қытайдың «Чжунтайхуа» Баоцзи құрылыс еңбек қызметтері компаниясы» тартылған.

Салтанатты рәсімде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, бұл бастаманың университет тарихындағы стратегиялық маңызына тоқталды.

«2022 жылы президенттің қолдауымен ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі басталған болатын. Жаңа жатақханалар жастардың білім алуына, ғылыми-зерттеу жұмыстарына және әлеуметтік бейімделуіне оң әсерін тигізеді», – деп атап өтті ректор.

Шара барысында болашақ ұрпаққа арналған жолдау хатқа қол қойылып, салтанатты түрде капсула жерге қойылды.

«Біз ҚазҰУ-ды дамыту мен жаңғыртудың жаңа дәуірінің табалдырығында тұрмыз. Бұл – сапалы білім алуға, ғылыми қызметті дамытуға және студенттік өмірді жаңа деңгейге көтеруге тың мүмкіндіктер ашатын тарихи сәт. Студенттік жатақханалар құрылысы аясында атқарылып жатқан барлық жұмыс білім алушы жастар мен университеттің профессор-оқытушылар құрамы үшін лайықты, заманауи және жайлы жағдай жасауға бағытталған. Осы жатақханаларда тұрып, университет қабырғасында білім алған студенттер еліміздің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосатынына нық сенеміз», – делінген хатта.

Министрліктің ақпаратынша, жалпы аумағы 66 мың шаршы метрді құрайтын кешен 5 мыңнан астам орынға есептелген. Инвестиция көлемі шамамен 33,8 миллиард теңгені құрайды.

Құрылыс жұмыстары 2026 жылғы қаңтар айында басталып, бір жарым жыл ішінде аяқталады деп жоспарланған. Жатақханалар халықаралық стандарттарға сай жабдықталып, қауіпсіздік жүйелері мен тұрмыстық инфрақұрылым толық қамтылады. Осы жоба студенттердің тұрғын үйге қолжетімділігін арттырып, әсіресе өзге өңірлерден және шетелден келген білім алушылар үшін үлкен мүмкіндік болмақ, деп атап өтті ведомство.