Алматыда алғаш рет электр самокаттарды орналастырудың бірыңғай ережесі енгізіледі

0
179

Жалға беру қызметін көрсететін операторлар үшін тұрақ орындары шарт негізінде ұйымдастырылып, бұл қала аумағында көлік құралдарын ретімен орналастыруға мүмкіндік береді.


Алматыда алғаш рет электр самокаттарды орналастырудың бірыңғай ережесі енгізіледі

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Алматыда жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңартылған ережесі әзірленді. Құжатта алғаш рет жеке мобильділік құралдарын пайдалануды кешенді түрде реттеу көзделген.

Жобаны мәслихат отырысында Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев таныстырды.

Жобаға сәйкес электр самокаттары, мопедтер және өзге де жеке мобильділік құралдарына арналған тұрақ орындарын орналастырудың бірыңғай талаптары белгіленеді. Жалға беру қызметін көрсететін операторлар үшін тұрақ орындары шарт негізінде ұйымдастырылып, бұл қала аумағында көлік құралдарын ретімен орналастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғындар осы тұрақ аймақтарын өздерінің жеке самокаттары мен басқа да жеке мобильділік құралдарын орналастыру үшін тегін пайдалана алады.

Бұған қоса, құжатта көлік құралдарын эвакуациялау және арнайы тұрақтарда сақтау тәртібі, сондай-ақ аулаларда шлагбаумдар мен қорғаныш қоршауларын орнатудың бірыңғай талаптары айқындалған. Бұл ретте жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да жедел қызмет көліктерінің кедергісіз жүруі міндетті талап ретінде сақталады.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, аталған жобаны қабылдау жол қозғалысын ұйымдастырудың заманауи жүйесін қалыптастыруға, қалалық инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және көліктің жаңа түрлерін реттеудің бірыңғай тәсілін енгізуге мүмкіндік береді.