Алматыда аулада ойнап жүрген 2 жасар баланы 13 жастағы ауытқуы бар бала көтеріп, жоғарыға қарай лақтырып жіберген.
Ulysmedia.kz коллажы
ERNUR.KZ. Алматыда13 жастағы бала аулада ойнап жүрген екі жасар баланы көтеріп, артынша бар күшімен лақтырып жіберген. Баланың анасы әділдік талап етеді, деп жазады ulysmedia.kz.
23 тамыз күні сағат 20:15 шамасында Алматыда аулада ойнап жүрген 2 жасар баланы 13 жастағы ауытқуы бар бала көтеріп, жоғарыға қарай лақтырып жіберген. Одан кейін ол құлағын жауып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл туралы бүлдіршіннің анасы Зарина Сапар әлеуметтік желіде жазды.
Заринаның айтуынша, дереу жедел жәрдем шақырылып, бала №2 қалалық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер тек рентген жасап, қолына бинт байлап берген. Анасы толық тексеріс жасауды сұрағанда, «баласыңыз құспаса, талмаса, басына зақым түскен жоқ» деген жауап алыпты.
– “5 күннен кейін хирургқа келесіздер, ешқандай витамин керек емес” деп, малға қарағандай шығарып салды, – дейді ол.
Полицияға шағым
Оқиғадан кейін полиция қызметкері келіп арыз алғанымен, ешқандай қағаз не талон бермеген. Заринаның сөзінше, полициядағылар бір-біріне сілтеп, нақты жауапты қызметкерді көрсетпеген.
– 3 күн өтсе де, бірде-бір полиция қызметкері хабарласқан жоқ. Ал дүйсенбі күні барсам, арызым қабылданбайтынын айтты. Себебі 13 жасар баланың үстінен сот ісі жүргізілмейді екен. Сонда егер ол менің баламды өлтіріп қойса да, ешкім жауап бермейді ме?! Әділетті Қазақстан қайда?, – деп ашынады ол.
Ата-ананың кешірімі және уәделері
24 тамыз күні кешке оқиғаны жасаған баланың ата-анасы келіп кешірім сұраған. Олар «балаңыздың еміне өзіміз жауап береміз» деп уәде берген. Алайда келесі күні сөзінен тайқып, «баланы тек қалалық аурухана қарайды, МРТ түсіруге болмайды» деп шектеген.
Ананың жанайқайы
– Неге ата-анасы өз баласына қарамайды? Жағдайын біле тұра, көшеге жалғыз жібереді? Ал ойнап жүрген кішкентай баланы лақтырып кетсе, біз үндемей отыра беруіміз керек пе?!, – дейді Зарина.
Ол бұл жағдайды қоғамға жариялаудың себебін түсіндірді.
– Әрбір баланың құқығы қорғалуы тиіс. Ерекше бала болсын, сау бала болсын – ешкімнің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуі керек!, дейді Зарина.
Полиция не дейді?
Бұл оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында Алматының полиция департаментіне сауал жолдадық. Аталған дерек бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.
– Қажетті тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін процессуальдық шешім қабылданатын болады, дейді ПД ресми өкілі.