Жәбірленуші ауруханаға жатқызылды.
Фото: t.me/kozachkow видеосының скриншоты
ERNUR.KZ. Алматы халықаралық әуежайында ішкі рейстер терминалы кассасының жанында ер адам өзін өртеп жіберді. Полиция оқиғаның алдын ала себебін атады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері ер адамның мұндай қадамға баруына сүйіктісімен жанжалдасып қалуы себеп болуы мүмкін екенін анықтады.
«Бұл әрекетке ер адамның бірге тұратын сүйіктісімен жанжалдасып қалуы себеп болғаны алдын ала анықталды. Оқиғаның барлық мән-жайы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталады», - деп хабарлады департамент.
Еске сала кетейік, 25 тамыз күні сағат 22:06-да Алматы әуежайының Т-1 терминалында билет кассасының жанында ер адам өзін-өзі өртеп жіберген болатын. Полиция қызметкерлері қауіпсіздік қызметімен бірлесіп, өрт сөндіргішпен жалынды тез арада сөндіріп, жедел жәрдем шақырған. Ер адам қалалық ауруханаға жеткізілді.