Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында жол-көлік оқиғасы салдарынан зейнеткер мерт болды.
Фото: polisia.kz
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде жол апатына қызметтік көлікпен жүрген ХҚО қызметкері кінәлі екені және ол оқиғадан кейін кетіп қалғаны туралы мәлімет тарады. Аталған жағдайға байланысты облыстық полиция департаменті және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» түсініктеме берді, деп жазады inform.kz.
Полиция мәліметінше, 2026 жылдың 11 тамызында сағат 20:00 шамасында «Алматы – Шелек – Қорғас – Бәйсейіт» автожолында Kia Sorento автокөлігінің жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан 77 жастағы әйелді қағып кеткен. Соның салдарынан зейнеткер оқиға орнында көз жұмды.
- Жол-көлік оқиғасы орнынан бой тасалаған 26 жастағы жүргізуші анықталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады департаменттен.
Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» баспасөз қызметі аталған жол-көлік оқиғасына облыстық филиал қызметкерінің қатысы бар екенін растады.
- Мемлекеттік корпорация аталған жол-көлік оқиғасының Филиал қызметкерінің қызметтік автокөлікті басқаруы кезінде болғанын растайды. Болған оқиға жайлы ақпарат келіп түскеннен кейін мемлекеттік корпорация өз құзыреті шегінде қызметтік тексеру жүргізді. Тексеру барысында жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне, ішкі бақылаудың ұйымдастырылуына, сондай-ақ қызметтік автокөлікті пайдалану тәртібіне тиісті баға берілді, - делінген жауапта.
Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша филиал директоры мен оның орынбасарына қызметін дұрыс атқармағаны үшін тәртіптік жаза қолданылған.
Сондай-ақ мемлекеттік корпорация қаза болған тұлғаның жақындарына көңіл айта отырып, қызметкердің іс-әрекеті үшін жауапкершілігі заңнамаға сәйкес сот шешімі негізінде айқындалатынын атап өтті.


