Алматы облысында газдан тұрғын үй жарылып, төрт адам зардап шекті

0
130

Жарылыс өте күшті болған. Соның салдарынан алты бөлмелі үй толықтай қирап қалған.


Алматы облысында газдан тұрғын үй жарылып, төрт адам зардап шекті

Фото: ашық дереккөз

ERNUR.KZ. Алматы облысының Іле ауданына қарасты Екпінді ауылында жеке тұрғын үйде газ жарылып, төрт адам зардап шекті. Оқиға 17 сәуір күні таңғы сағат 05:30 шамасында болған, деп жазады ulysmedia.kz.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

Үй иесі Самат Жайылхановтың досы Сапарбай Қарабалаевтың айтуынша, шамамен таңғы сағат 5.30-да жарылыс болған сәтте үй ішінде Самат, әйел мен үш баласы болған. Екі бала ұйықтап жатқан. Таңертең ұлын колледжге апару үшін оятқан Самат дәретханаға кірген. Ұлы үйінің жарығын жаққан кезде жойқын жарылыс болған.

Ұлы жарықты жаққан сәтте жарылыс болған. Самат дәретханадан атып шығып, үйдің астында қалған әйелі мен балаларын сыртқа алып шыққан. Көршілер көмектесті. Әйелі мен балалары ауруханада, екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Денелерінің 60 пайызын күйік шалған, – дейді үй иесінің досы.

«ГАЗ ҚЫЗМЕТІ КІНӘСІН МОЙЫНДАМАЙ ОТЫР»

Пікір білдірген үй иесі Самат Жайылхановтың сөзіне қарағанда, үйдегі газ плитасында ақау болмаған. Болжам бойынша, жарылысқа жер астындағы газ құбырының тозуы себеп болуы мүмкін. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда жер астынан газ шыққаны байқалады. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Газ қызметі мұны мойындамай отыр, – дейді үй иесі.

Оның айтуынша, жарылыс өте күшті болған. Соның салдарынан алты бөлмелі үй толықтай қирап қалған.

ӘКІМДІК ПЕН ТЖД НЕГЕ ҮНСІЗ?

Қазіргі уақытта облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ресми түсініктеме бермеді. Жергілікті әкімдік те әзірге жағдайға қатысты мәлімдеме жасамаған.

Осылайша, жарылыстан кейін отбасы баспанасыз қалған.