Жол бойында балаларды қағып кеткен 65 жастағы жүргізуші жол апатынан кейін оқиға орнынан бой тасалады.
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде жүргізушінің жол жиегінде отырған балаларды көлігімен қағып, одан кейін тоқтамастан кетіп қалған сәтіндегі видео тарады, деп жазады baq.kz.
Бейнебақылау камерасына жолдың жиегіндегі тротуарда отырған екі баланы көлік басып кеткені түсіп қалған. Видеодан оларды Chevrolet Cobalt көлігі қағып кеткені көрінеді. Жол апатынан кейін жүргізуші көмек көрсету түгілі, тіпті тоқтамай, оқиға орнынан кетіп қалған.
Жәбірленушілер Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.
«Дәрігерлер екі пациентке де ота жасады. Отадан кейін балалар анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде болды», - деп хабарлады Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Кейін балалардың біреуі хирургия бөліміне ауыстырылды. Екіншісі реанимацияда қалды. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Балалардың денсаулық жағдайы туралы басқа мәліметтер дәрігерлік құпияға байланысты жария етілмеді.
Алматы облысының ПД баспасөз қызметі осы оқиғаға қатысты BAQ.KZ сауалына жауап жолдады.
Кәмелетке толмаған балаларды қағып кету фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта жол көлік оқиғасын жасағаннан кейін оқиға орнынан бой тасалаған 65 жастағы жүргізуші анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайларын толық, жан-жақты және объективті түрде анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады полициядан.
Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында.


