Алматы облысында әжейдің қабырғасын сындырған полицей жұмыстан кетті

0
120

Оның әрекетіне құқықтық баға да беріледі.


Алматы облысында әжейдің қабырғасын сындырған полицей жұмыстан кетті

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысында полиция қызметкері тарапынан қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану дерегіне қатысты түсініктеме берді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, полиция қызметкері қызметінен теріс себептермен босаған.

«Бұл жағдайда қызметкердің әрекеті шамадан тыс болғаны анық. Ол қызметінен босады. Видео жазбалар бойынша да жағдай расталды. Дегенмен біз оған құқықтық тұрғыда баға береміз. Қазір тексеріс жүріп жатыр», - деді Сәденов.

Министр атап өткендей, бұл оқиға бойынша тек қызметкердің ғана емес, оның басшылығының да іс-әрекетіне қызметтік тексеру жүріп жатыр.

«Тексеру тек полиция қызметкеріне ғана емес, оның басшылығына да қатысты жүріп жатыр. Нәтижесін міндетті түрде жариялаймыз», -деді ол.

Сәденов сондай-ақ полиция қызметкерлеріне қатысты тәртіптің күшейгенін және мұндай жағдайларға мүлдем жол берілмейтінін атап өтті.

«Кім болса да қарт адам болсын, әйел болсын, бала болсын оларға дөрекі түрде қол жұмсауға болмайды. Бұған қатаң тыйым салынған. Мұндай тәртіп бұзған әр қызметкер міндетті түрде жазаланады», -деді Ержан Сәденов.

Сонымен қатар ол жеке сот орындаушылармен бірлесіп жүргізілетін шараларда полицияның рөлі тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін түсіндірді.

«Полиция мұндай жағдайларда тек қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында ғана қатысады. Бірақ бұл оқиғада шамадан тыс әрекет болғаны рас», - деп қорытындылады ол.