Әуежайға кіретін жолдың бір бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
ERNUR.KZ. Алматы әуежайының аумағына кіретін жолдардың бірі уақытша жабылады, деп жазады tengrinews.kz.
Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, әуежайға кіретін жолдың бір бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
"Ақсұңқар" қонақүйінің жанындағы пандусқа кіру жолы жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылады. Жөндеу барысында гидрооқшаулау жақсартылады, жылыту жүйесі жаңартылады және жаңа асфальт төселеді", – делінген хабарламада.
Жөндеу кезінде пандусқа кіру жаңа көтерме жол арқылы жүзеге асады (қозғалыс сызбасын қараңыз).
Әуежай өкілдері уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.
Айта кетейік, тамыз айының басында Алматыда Horizon бағдарламасы іске қосылды. Жоба әуежайды "әлемдік деңгейдегі авиациялық хабқа" айналдыруды көздейді. Ол бес кезеңнен тұрады, алғашқысы 362 миллион доллар тұратын 130 нысанды қамтиды. Қаржыландыру әуежайдың өз қаражаты, банктік қарыздар және жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады — мемлекеттік кепілдік пен бюджеттен дотациясыз.