​Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі: Қазақстанның беделін арттыратын тарихи қадам

0
11


​Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі: Қазақстанның беделін арттыратын тарихи қадам

VII Съезде де жаңа шешімдер қабылданып, оларды жаһандық деңгейде іске асыруға күш салынады деп жоспарланып отыр.

17–18 қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі Қазақстан үшін тарихи әрі саяси тұрғыдан маңызды оқиға болмақ. Осыған орай съездке дайындық пен оның ел дамуына ықпалы туралы Астана қаласы Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әбсеметова Алия өз ой-пікірін ортаға салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

1. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін өткізу Қазақстан үшін қандай тарихи және саяси маңызға ие?

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан ең ірі халықаралық бастамаларының бірі. Оның маңыздылығы бірнеше деңгейде көрінеді. Біріншіден, бұл еліміздің бейбітшілік пен келісім саясатының айқын көрінісі. 2003 жылы бастау алған алғашқы съезд әлем тарихында алғаш рет түрлі дін көшбасшыларын бір үстелге жинады. Бұл Қазақстанның тек өңірлік емес, жаһандық деңгейде сенімге ие мемлекет екенін көрсетті. Екіншіден, Съезд елдің сыртқы саясатындағы бейбітшілік миссиясын күшейтіп, халықаралық беделімізді нығайтуға ықпал етті. Үшіншіден, бұл бастама ішкі саяси тұрақтылыққа да оң әсер етіп, этносаралық және конфессияаралық келісім моделін әлемге паш етті. Айта кету керек, Мемлекет басшысының бастамасы мен тұрақты қолдауының арқасында съезд өзінің бастапқы кезеңінен бүгінгі беделді деңгейге көтерілді. Бүгінде ол тек символдық кездесу емес, шынайы нәтижелер беретін, халықаралық ұйымдар назар аударатын ықпалды диалог алаңы ретінде қалыптасты. Сондықтан 17–18 қыркүйекте өтетін съезді біз үлкен жауапкершілікпен күтіп отырмыз. Осы арқылы Қазақстан бейбітшілік мәдениетін ілгерілететін диалог алаңы ретіндегі рөлін тағы да дәлелдеп отыр.

2. Форумда қабылданған Декларациялар мен үндеулердің нәтижелері халықаралық деңгейде қалай іске асады деп ойлайсыз?

Съезд жұмысының ең басты нәтижесі – қабылданған декларациялар мен үндеулердің халықаралық ұйымдар деңгейінде қолданылуы. Мысалы, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО секілді беделді ұйымдар біздің форумда айтылған бастамаларды қолдап келеді. VI Съезд барысында қабылданған құжатта «терроризмді дінмен байланыстыруға болмайды» деген қағидат айқын жазылды. Бұл ой қазір әлемдік саясаткерлердің риторикасында да жиі кездеседі. Сонымен қатар, діни көшбасшылардың үндеулері үкіметтердің саясатына жанама түрде ықпал етіп, қоғамдарда төзімділік пен диалог мәдениетін қалыптастырады. VII Съезде де жаңа шешімдер қабылданып, оларды жаһандық деңгейде іске асыруға күш салынады деп күтеміз.

3. Жаһандану дәуірінде жастарға діни құндылықтарды түсінікті әрі заманауи форматта жеткізудің жолдары қандай болуға тиіс?

Қазіргі жастар цифрлық дәуірдің өкілдері. Сондықтан діни құндылықтарды оларға дәстүрлі тәсілдермен ғана емес, заманауи платформалар арқылы жеткізу қажет. Әлеуметтік желілер, онлайн-курстар, мультимедиалық жобалар жастарға әлдеқайда жақын. Бұл тұрғыда Қазақстан да әлемдік үрдістен қалыс қалмайды. Мысалы, VI Съезде арнайы ақпараттық портал құру ұсынылған болатын. Мұндай бастамалар жастарды бейбітшілік пен келісім идеяларына тартудың тиімді құралы бола алады. Жастарға діни құндылықтар қорқыныш пен тыйымдар арқылы емес, керісінше, адамгершілік, қайырымдылық, бірлік құндылықтарын дәріптеу арқылы жеткізілуі керек.

4. VII Съездің қорытындылары еліміздің халықаралық беделін арттыруға қалай ықпал етеді?

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі – Қазақстанды халықаралық деңгейде бейбітшілік пен келісім орталығы ретінде көрсететін бірегей брендке айналған сияқты. VII Съездің қорытындылары еліміздің осы мәртебесін тағы да бекіте түседі. Форумға әлемнің ең ірі діни ұйымдарының жетекшілері, беделді саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады. Бұл біздің елімізге деген сенімнің, құрметтің белгісі. Сонымен қатар, VII Съезд қорытындысында қабылданатын Декларация Қазақстанның жаһандық мәселелерді шешуге белсенді қатысып отырғанын дәлелдейді. Бұл біздің халықаралық беделімізді күшейтіп қана қоймай, ел ішіндегі тұрақтылықты да нығайтады. Әлем көз тігіп отырған бұл форум Қазақстанның бейбітшілік миссиясын жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз.

Бөлісу