"Алаяқтар өлтіреді": жұмбақ жағдайда көз жұмған студенттің әкесі үндеу жасады

0
108

Айсәуле белгілі қазақстандық жазушы Өтебай Қанахиндің немересі болған.


Фото: Facebook/Саябек Қанаха

ERNUR.KZ. Астанада жұмбақ жағдайда көз жұмған 21 жастағы Айсәуле Қанаханың әкесі Саябек Қанаха онлайн-петиция жариялады. Ол алаяқтардың әрекеті адам өліміне әкеліп жатқанын айтып, азаматтарды қорғауға бағытталған қазіргі тетіктердің тиімсіз екенін мәлімдеді, деп жазады ulysmedia.kz.

Ер адамның айтуынша, оның қызы бірнеше күн бойы алаяқтардың қысымында болған. Олар өздерін Ұлттық банктің қызметкеріміз деп таныстырып, қызбен WhatsApp арқылы сөйлескен. Алаяқтар оны сендіріп, отбасының ақшасын басқа адамдардың шоттарына аудартқан. Бұл адамдарды «дропперлер» деп атайды. Келесі күні таңертең қыз өлі күйінде табылған. Отбасы бұл жағдай күмәнді деп санайды.

Айсәуле белгілі қазақстандық жазушы Өтебай Қанахиндің немересі болған. Ол «Шабыт» академиясында грантта оқып, математика мен дизайн бағыттарымен айналысқан. Қызды 3 сәуір күні 21 жасқа толған күнінде жер қойнына тапсырған.

Петиция авторы Саябек Қанаха бұл қайғылы жағдайды жеке оқиға емес деп санайды.

«Бұл жалғыз оқиға емес, бұл – біздің адами капиталға қарсы жоспарланған террор. Қайғылы жағдайлардың ауқымы қорқынышты», – делінген үндеуде.

Оның айтуынша, тек Астана қаласындағы №66 мектеп түлектерінің арасында 2026 жылдың басынан бері үш жастың қазасы тіркелген, әрі бұл жағдайлардың барлығы алаяқтық пен бопсалаумен байланысты болуы мүмкін.

Автор құқық қорғау органдарының жұмысына да сын айтқан. Оның пікірінше, киберполиция бөлімдері заманауи қылмыс түрлерімен күресуге толық дайын емес. Сондай-ақ ол қызының ісі бойынша тергеудің созылып кеткенін мәлімдеген.

«Астана қаласы Есіл аудандық полиция басқармасы Айсәуле ісі бойынша бір айдан астам уақыт әрекетсіздік танытып, істі тергеушіден тергеушіге өткізіп, адвокатты елемеді», – делінген петицияда.

Үндеуде екінші деңгейлі банктердің жұмысы да сынға алынған. Автор қаржы ұйымдары клиенттерді тексеру және ірі аударымдарды бақылау бойынша жеткілікті қатаң талаптар қолданбайтынын айтады.

Осы мәселені шешу үшін ол ІІМ немесе ҰҚК жанынан «бір терезе» қағидаты бойынша Бірыңғай ұлттық киберқылмыспен күрес орталығын құруды ұсынады. Оның айтуынша, бұл орталық полиция, банк және басқа да құрылымдарды біріктіріп, күдікті транзакцияларды жедел бұғаттауы тиіс.

Сонымен қатар, азаматтардың өтініштерін жедел тіркеу жүйесін енгізу, орталық қызметкерлерінің жалақысын көтеру және киберқылмыстарды ашқаны үшін материалдық ынталандыру тетігін жасау ұсынылған.

Заңнамалық бастамалар ретінде автор интернет арқылы жасалатын қорқыту және психологиялық қысым арқылы адамды өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізгені үшін жазаны күшейтуді ұсынады. Мұндай қылмыстарға 10–15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізу қажет деп есептейді.

Сондай-ақ онлайн-кредиттер мен ірі аударымдарға 72 сағаттық «күту кезеңін» енгізу, биометриялық тексеру мен видеоверификацияны міндеттеуді ұсынған. Бұдан бөлек, банк, ХҚКО және байланыс операторлары қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ eGov Mobile арқылы мемлекеттік қызметкерлердің жеке деректерге кіруі туралы автоматты хабарлама енгізу идеясын ұсынады.