Ақтөбеде танысын жауыздықпен өлтіріп, мәйітін қоқысқа тастаған тұрғын 14 жылға сотталды

0
98

Мәйіт жарты ай бойы қоқыста жатқан.


Ақтөбеде танысын жауыздықпен өлтіріп, мәйітін қоқысқа тастаған тұрғын 14 жылға сотталды

Фото: ЖИ

ERNUR.KZ. Ақтөбеде танысын аяусыз өлтіріп, қылмысын жасыру үшін оның мәйітін сөмкеге салып, қоқысқа апарып тастаған адамға қатысты сот үкімі шықты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ол марқұмды биыл 21 ақпанда өлтірген. Үй иесі мен оның қонағы бірге ішімдік ішіп отырғанда араларында жанжал туындаған. Сөзге келіспей қалған үй иесі 55 жастағы танысына бірнеше рет пышақ салған. Ауыр жарақат алған жәбірленуші сол жерде көз жұмған.

Қылмысын жасыру үшін күдікті арада үш күн өткенде, яғни 24 ақпанға қараған түні мәйітті үлкен дорбаға салып, жақын маңдағы қоқыс контейнерлеріне апарып тастаған.

Арада жарты айға жуық уақыт өткенде, яғни 11 наурызда қоқыс алаңындағы сөмке тұрғындардың назарына ілігеді. Оқиға орнына шақырылған полиция қызметкерлері дорбадан ер адамның денесін тапты.

Сот талқылауы кезінде 62 жастағы сотталушы өз әрекетін өзін-өзі қорғау мақсатында жасағанын айтып ақталғысы келді. Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп тауып, оның кінәсін толық дәлелдеді. Ақтөбе қаласының тұрғыны кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған қоса, сотталған азамат жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде 2 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.