Ақтөбеде суға кеткен адамды туыстарына айтпай жерлеп тастаған

0
154

Талап қоюшылар полиция департаментінен 2 000 000 теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіруді талап етті.


Ақтөбеде суға кеткен адамды туыстарына айтпай жерлеп тастаған

фото: Sputnik / Владимир Федоренко

ERNUR.KZ. Ақтөбе тұрғыны суға кеткен ағасын ешкімге айтпай жерлеп тастаған облыстық полиция департаментінің қызметкерлерін сотқа берді, деп жазады sputnik.kz.
Сотқа арызданушының ағасы былтыр 16 маусымда "Қарғалы" өзенінде суға батып кеткен.
"Бұл жайтты қалалық полиция тергеген. Полиция мәйітті тексерген соң оқиға туралы оның жақын туыстарына хабарламай, мүрдені мәйітханада ұстаған. Ал 6 қыркүйекте іздеуі жоқ тұлға ретінде бауырластар зиратына жерлеген", - дейді ведомство.
Ағасына іздеу салған талап қоюшы болған оқиға туралы 9 қыркүйекте ғана білген.
Талап қоюшылар Ақтөбе облысының полиция департаменті мен Қаржы министрлігінен әрқайсынан 2 000 000 теңге көлемінде моральдық зиян ретінде өтемақыны өндіруді сұраған.
"Полиция департаментінің қызметкерлері туыстарының қай жерде тұратынын біле тұра, болған жайтты хабарлау үшін ешқандай шара қолданбаған. Олар жіберілген кемшілік үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып, лауазымынан босатылғаны анықталды", - дейді облыстық сот.
Сот шешімімен Ақтөбе облысы полиция департаментінен әр талап қоюшының пайдасына 300 000 теңгеден өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне әлі енген жоқ.