Ақтөбеде парашюті ашылмай қаза тапқан курсанттың отбасы өтемақыдан қағылды

0
261

18 жастағы Бақыт Асарбаев өткен жылдың 15 шілдесінде оқу-жаттығу аэродромында таныстыру мақсатындағы алғашқы парашютпен секіру кезінде қаза тапты.


Ақтөбеде парашюті ашылмай қаза тапқан курсанттың отбасы өтемақыдан қағылды

Фото: dvidshub.ne

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында парашюті ашылмай қаза тапқан 18 жастағы курсант Бақыт Асарбаевтың отбасына тағайындалған 20 миллион теңге моральдық өтемақыны апелляциялық соттың күші жойды, деп жазады stan.kz.

Ақтөбе облысында қаза тапқан курсанттың туыстарына тағайындалған 20 миллион теңге өтемақыны апелляциялық соттың күшін жойды.

18 жастағы Бақыт Асарбаев өткен жылдың 15 шілдесінде оқу-жаттығу аэродромында таныстыру мақсатындағы алғашқы парашютпен секіру кезінде қаза тапты. Тергеу мәліметінше, оның парашюті ашылмай, 800 метр биіктен құлаған.

Оқиғаға байланысты екі әскери қызметкер Заманбек Төлеген мен Нұржан Айденов қызметтік салғырттық үшін кінәлі деп танылып, тиісінше 5 жыл және 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Сот олардың курсанттың парашютін тексермей, секіруге жібергенін анықтады.

Бірінші сатыдағы сот қорғаныс министрлігін марқұмның отбасына моральдық зиян үшін 20 миллион теңге және өкілдік шығындары ретінде 600 мың теңге төлеуге міндеттеген еді.

Алайда сотталғандар да, қорғаныс министрлігі де апелляциялық шағым түсірді. Әскери қызметкерлер өздерін ақтап, үкімнің күшін жоюды талап етсе, министрлік азаматтық талаптың ведомствоға емес, кінәлі тұлғаларға қойылуы тиіс екенін алға тартты.

Апелляциялық сот әскери қызметкерлердің шағымын қанағаттандырмай, олардың кінәсін растады. Сот мәліметінше, оқиғадан кейін Төлеген тікұшақ қонған сәтте апат орнына жүгіріп барып, марқұмның парашютіндегі кейбір бөлшектерді ауыстырған. Апелляция бұл әрекетті оның өз кінәсін түсінгенінің белгісі ретінде бағалады.

Сонымен қатар апелляциялық алқа моральдық зиянды өтеу туралы мәселе қылмыстық іс аясында емес, азаматтық сот тәртібімен қаралуы тиіс деген шешім шығарды. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігінен өндірілмек болған 20 миллион теңге өтемақы күшін жойды. Отбасы енді бұл талапты азаматтық сот арқылы қайта қоя алады.

Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы Ақтөбедегі "Айбын" аэродромында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 18 жастағы курсанты Бақыт Асарбаев оқу-жаттығу кезінде 800 метр биіктен парашютпен секіріп, қаза тапқан. Тергеу барысында оның парашютінде автоматты сақтандыру құрылғысы болмағаны анықталып, негізгі парашют ашылмай қалған. Ал қосалқы парашют қауіпті төмен биіктікте іске қосылған. Осы оқиғаға байланысты парашюттерді сақтау және беруге жауапты болған екі әскери қызметкерге салғырттық бабы бойынша айып тағылып, іс сотқа жолданды.