Оқиға осыдан тура бір жарым жыл бұрын Темір ауданына қарасты Қопа ауылында болған.
Фото: Zakon.kz
КТК дерегіне сүйенсек, оқиға осыдан тура бір жарым жыл бұрын Темір ауданына қарасты Қопа ауылында болған. Былтыр жаңа оқу жылы басталған күннің ертесіне Нұржан Сыдықовты жоғары сыныптың оқушылары ескі моншаның жанына кешке шақырып алады. Сол жерде жабылып ұрып, аяусыз тепкілеген. Тіпті есін жимаған жасөспірімді далаға тастап кеткен. Кейін бұл ауылдағы мектепте әлімжеттік бұрыннан бар екені белгілі болды.
Осы іс бойынша сотталған үш оқушы бұған дейін шартты жазамен сот залынан босатылған-ды. Қалған үшеуіне судья 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Кейін осы үш сотталушы мен жәбірленуші тарап үкімге шағым түсірді. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қайта қарап, гуманизм қағидатын басшылыққа ала отырып, олардың жазасын жеңілдетті. Енді олар жазаны түрмеде емес, үйінде өтейді. Бұған марқұм баланың жақындары да келіскен. Сотталушылар былтыр тергеуде жатып орта білім алыпты. Тек біреуі ғана әлі бір жыл мектепте оқиды.
"Сотталғандардың кәмелетке толмағанын, кінәсін мойындағанын, іс-әрекетіне өкінгенін, жәбірленуші тараппен медиация келісімін жасалғанын және сотталғандардың жазасын жеңілдетуді сұраған жәбірленуші тараптың пікірін ескере отырып, сот алқасы шартты түрде жаза тағайындау туралы шешім қабылдады. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды", - деді Жансая Таирова, Ақтөбе облысы сотының баспасөз хатшысы.


