Олардың арасында 46 бала және үш елдің азаматтары болған, зардап шеккендер жоқ.
Фото: Бейнежазбадан
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында техникалық ақауға ұшыраған автобустан 90 жолаушы қауіпсіз жерге эвакуацияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Оқиға Әйтеке би ауданындағы республикалық маңызы бар автожолда болған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, "Шымкент – Пермь" бағыты бойынша қатынаған автобустың қозғалысы техникалық ақауға байланысты тоқтаған. Осыған байланысты құтқарушылар жедел әрекет етіп, автобуста болған 90 адамды, оның ішінде 46 баланы қауіпсіз жерге көшірді.
Жолаушылардың арасында Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей азаматтары болған.
Авариялық-құтқару жұмыстарына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен "Қарабұтақ" трассалық медициналық-құтқару пунктінің мамандары жұмылдырылды.
Зардап шеккендер жоқ. Эвакуацияланған жолаушылар кемпингке орналастырылып, әрі қарай жолға шығуды күткен уақыт ішінде барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етілді.


