Ақтөбе облысында сержант мерзімді қызметтегі сарбазды соққыға жыққан: сот үкім шығарды

0
117

Әскери қызметшінің өзі кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады.


Ақтөбе облысында сержант мерзімді қызметтегі сарбазды соққыға жыққан: сот үкім шығарды

Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

ERNUR.KZ. Ақтөбе гарнизонының әскери соты сержантқа қатысты үкім шығарды. Әскери қызметші жәбірленушінің денсаулығына елеулі зиян келтіруге әкеп соққан құқықтары мен өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды, деп жазады tengrinews.kz.

Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге жауапты бола тұра, сотталушы сарбазға денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірген жарақаттар салған. Әскери қызметшінің өзі кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады. Дегенмен, сотталушы азаматтық талап арызбен ішінара келісіп, жәбірленушінің соттағы өкіл қызметіне жұмсаған шығындарын өтеуге дайын екенін білдірді.

Сотталушының кінәсі сот сараптамасының қорытындысымен, жәбірленушінің, куәгерлердің және сарапшының айғақтарымен дәлелденді. Ақтөбе гарнизонының әскери соты оны кінәлі деп танып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Сонымен қатар сотталушы жәбірленушіге моральдық зиянды өтеу ретінде 700 000 теңге және 900 000 теңге сот шығындарын төлеуі тиіс. Үкім заңды күшіне енген жоқ.