Ақтөбе облысында көпбейінді аурухананың базасында ревматологиялық бөлімше ашылды

0
124

Ақтөбе облысында мамандандырылған медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында көпбейінді аурухананың базасында ревматологиялық бөлімше ашылды.


Ақтөбе облысында көпбейінді аурухананың базасында ревматологиялық бөлімше ашылды

ERNUR.KZ. Бейіндік бөлімшенің ашылуы ревматологиялық аурулардың ерте диагностикасын жақсартуға, емдеуді уақтылы бастауға, асқыну қаупін азайтуға және пациенттердің өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасайды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

Ревматологиялық бөлімшенің жұмыс істеуі созылмалы қабыну және аутоиммундық аурулары бар пациенттерге медициналық көмек көрсетудің жүйелі тәсілін қалыптастыруға, сондай-ақ пациенттерді өңірден тыс жерлерге жіберу қажеттілігін төмендетуге ықпал етеді.

Денсаулық сақтау министрлігі толық көлемде пайдаланылмайтын тәулік бойғы стационарлардың шамамен 14 мың төсек-орын қорын кезең-кезеңімен оңтайландыруды жүргізуде. Жұмыс төсек-орын қорын сырқаттанушылық құрылымы мен халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, барынша талап етілетін және клиникалық маңызды бағыттарға қайта бейіндеу жолымен жүргізіледі.

Облыстық ауруханаларды өңіраралық медициналық хаб ретінде жаңғырту шеңберінде 2 700 төсек-орынды қайта бейіндеу көзделген.