Ақтөбе облысында қауіпті аурудан сиырлар жаппай қырылып жатыр

0
103

51 сиырдан тейлериоз және пироплазмоз аурулары анықталды.


Ақтөбе облысында қауіпті аурудан сиырлар жаппай қырылып жатыр

Pixabay.com

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында ірі қара мал жаппай қырылып жатыр. Екі ауылда 50-ден астам өлген мал жойылды. Зертханалық сараптама нәтижесінде бірден бірнеше ауру анықталды, деп жазады ulysmedia.kz.

Бұл жағдай Шеңбертал және Құрылыс ауылдарында тіркелген. Мал қырылғаннан кейін мамандар зертханалық талдау үшін сынамалар алған. Нәтижесінде 51 сиырдан тейлериоз және пироплазмоз аурулары анықталды. Бұл екі ауру да қан сорғыш кенелердің шағуы арқылы жұғады.

Ветеринарлардың айтуынша, Ақтөбе облысында тейлериоз соңғы он жылда алғаш рет тіркеліп отыр.

Кейбір жағдайларда лептоспироз да расталған. Бұл – тасымалдаушылары егеуқұйрықтар мен тышқандар болуы мүмкін қауіпті жұқпалы ауру. Мал лас су арқылы да жұқтыруы ықтимал. Ауру жұққан жануарлардың дене қызуы көтеріліп, тәбеті жоғалып, қатты әлсірейді.

ҚЫРЫЛҒАН МАЛ ӨРТЕЛДІ

22 шілдеде Ырғыз ауданына Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің, облыстық аумақтық инспекцияның және ветеринария басқармасының мамандары келді.

Қазір олар Қызылжар ауылдық округіндегі аулаларды аралап, ауру белгілері бар малдарды анықтап, оқшаулап, емдеу жұмыстарын ұйымдастырып жатыр.

Қырылған малдың өлекселері арнайы пеште өртеліп, кейін аумақ толықтай залалсыздандырылды.

– Эпизоотиялық жағдай Ырғыз аудандық ветеринариялық қызметінің бақылауында, – деп хабарлады облыстық ветеринария басқармасы жергілікті «Диапазон» басылымына.

Мамандар мал иелеріне малды қараусыз жайылымға жібермеуге, кенеге қарсы өңдеу жүргізуге және аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу ветеринарларға жүгінуге кеңес берді.