Ақтаулықтар алаяққа алданып, 100 миллион теңгесінен айырылғанын айтты

0
444


Ақтаулықтар алаяққа алданып, 100 миллион теңгесінен айырылғанын айтты

Фото: lada.kz\ Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Ақтау тұрғындары ауқымды алаяқтық схемаға ұрынып, соттағы заңсыздыққа тап болғанын айтып, ұжымдық үндеу жазды. Алаяққа алданған 300 отбасының көбі әскери қызметкерлер, деп жазады Stan.kz.

Шағымданушылардың айтуынша, шамамен 300 отбасы алаяқтан зардап шеккен. Алдын ала есеп бойынша, жалпы шығын 100 миллион теңгеден асады.

“2017 жылы жергілікті тұрғындардың бірі алаяқтық схема ұйымдастырған. Соның салдарынан жүздеген азамат ақшасы мен мүлкінен айырылып, сот табалдырығын тоздырып жүр”, – дейді жәбірленушілер.

Өтініш берушілердің айтуынша, қазір құжатқа 50-ден астам адам қол қойған. Алайда қол жинау әлі де жалғасып жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, олар бұған дейін Маңғыстау облысының полиция департаментіне, прокуратураға және әділет органдарына бірнеше рет жүгінген. Алайда, олардың сөзінше, жауаптар көбіне формалды болған, ал қылмыстық іс бірнеше рет тоқтатылған.

“Қазір қылмыстық іс полицияның қарауында. Тергеу ұзаққа созылып жатыр. Ал іске қатысы бар адам, уақытша ұстау изоляторында отыр. Сөзімізді растайтын құжаттар бар. Олардың арасында сырттай шығарылған сот шешімдері, жеке сот орындаушыларының мүлікке тыйым салу және ақша өндіріп алу туралы қаулылары, құқық қорғау органдарының жауаптары және осы адамға қатысты бұрынғы сот үкімінің көшірмесі бар”, – дейді тұрғындар.

Өтініш авторларының сөзінше, келтірілген материалдық шығын 100 миллион теңгеден асады. Кейбір отбасылар тіпті жалғыз баспанасынан айырылған. Ал әскери қызметкерлердің жалақысынан өздері негізсіз деп санайтын қарыздар үшін ақша ұсталып жатыр дейді жәбірленушілер.


Тұрғындар Президенттен Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және ҰҚК-ға істі объективті түрде тексеруді тапсырғанын сұрайды. Сонымен қатар олар сырттай шығарылған сот шешімдерінің және жеке сот орындаушыларының әрекеттерінің заңдылығын тексеруді, жалған қарыздарды жойып, заңсыз алынған мүлікті қайтаруды талап етіп отыр.