Ақтауда сарбаздың қазасынан кейін бөлім командирі сот алдына барады, офицерлер қызметінен босатылды

0
125

Бас әскери прокуратура тарапынан әскери қызметшілердің қаза табуына әкеп соққан қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғастырылатыны айтылды.


Ақтауда сарбаздың қазасынан кейін бөлім командирі сот алдына барады, офицерлер қызметінен босатылды

Фото: Тұрар Қазанғапов

ERNUR.KZ. Әскери бөлім командирінің салғырттығы салдарынан мерзімді әскери қызметшінің қаза табуына байланысты қылмыстық іс сотқа жолданды, деп жазады tengrinews.kz.

Биыл 17 ақпанда Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде командирдің қызметтік міндеттеріне салғырт қарауы салдарынан сарбаз Р. Жайғалиевтің қаза болуына байланысты қылмыстық істі тергеу аяқталды.

"Тергеу барысында бөлім командирі жеке құрамды бақылауды және қарумен жұмыс істеу тәртібін қамтамасыз ету бойынша жарғылар мен ведомстволық бұйрықтарда көзделген шараларды қабылдамағаны анықталды, бұл түптеп келгенде қайғылы оқиғаға себеп болды", - делінген хабарламада.

Ресми мәлімет бойынша, әскери прокурорлардың үздіксіз қадағалауы және жедел-тергеу тобының үйлестірілген жұмысы барысында қысқа мерзімде жеткілікті дәлелдер жинақталып, қажетті сот сараптамалары жүргізілді.

Нәтижесінде қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданған.

"Сонымен қатар, барлау-шабуыл батальонының командирі, оның орынбасары және рота командирі қызметтерінен босатылды, 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - делінген хабарламада.

Бас әскери прокуратура тарапынан әскери қызметшілердің қаза табуына әкеп соққан қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғастырылатыны айтылды.