Қазақстанда телефон нөмірі арқылы әртүрлі банктер арасында ақша аудару жүйесі іске қосылады.
Фото: Тұрар Қазанғапов
ERNUR.KZ. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов айтып берді. Қазіргі уақытта Ұлттық төлем корпорациясы банктерді жаңа жүйеге кезең-кезеңімен қосып жатыр, деп жазады tengrinews.kz.
Тоғыз банкпен келісім жасалған
"Қазірдің өзінде тоғыз банкпен келісім жасалды. Олар – "Халық банк", "Банк ЦентрКредит", Freedom Bank, Altyn Bank, RBK, Bereke, Forte, Home Credit Bank және "Нұрбанк". Келісімге қол қою – банктердің техникалық тұрғыда қосылуға кіріскенін білдіреді", – деді Шолпанқұлов.
Алғашқы аударымдар маусымда іске қосылады
Оның айтуынша, алғашқы бес банк клиенттері үшін телефон нөмірі арқылы ақша аударымдары маусымда іске қосылады. Бұл банктер: "Халық банк", Freedom Bank, Altyn Bank, RBK және Home Credit Bank. Қалған банктер кезең-кезеңімен қосылады.
QR-кодтар әмбебап болады
Шолпанқұлов бұл жаңашылдықтың басты артықшылығы тек телефон нөмірі арқылы төлем жасау ғана емес, сондай-ақ банктер арасындағы QR-код арқылы есеп айырысудың да мүмкін болатынын айтты.
"Былтыр біз осы жүйені құрдық, енді банктерді қосу жалғасып жатыр. Бұл – технологиялық процесс. Көп нәрсе банктердің дайындық деңгейіне байланысты. Кейбір банктердің IT-инфрақұрылымы күрделі, сол себепті мерзім ұзаруы мүмкін. Бірақ, айтылған есептерге сәйкес, жыл аяғына дейін толық енгіземіз деп үміттенеміз", – деді ол.
Бұл қалай жұмыс істейді?
"Бұл кәдімгі мобильді банк қосымшаңыз болады. Мысалы, А банкінің клиентісіз делік, ал дүкендегі терминал B банкіне тиесілі. Сіз өз банк қосымшаңыз арқылы сол терминалдағы QR-кодты сканерлеп, төлем жасай аласыз", – деп түсіндірді Шолпанқұлов.
Ол қазіргі таңда QR арқылы төлем тек бір банктің экожүйесі ішінде ғана мүмкін екенін айтып өтті. Ал жаңа жүйе бұл шектеуді алып тастайды.
"Енді сіз қалаған банкіңіз арқылы кез келген терминалда төлем жасай аласыз", – деді ол.
Комиссия туралы не белгілі?
Комиссия мөлшері туралы айта келе, Ұлттық банк өкілі бұл сұрақ нарық ережелерімен реттелетінін атап өтті.
"Тарифтер, тегін болу-болмауы – бұл нарықтық мәселе. Комиссиялар банктердің инфрақұрылымды ұстауына, серверлерге жұмсалатын шығындарды жабуға арналған. Сондықтан бұл нарықтық жағдайға тәуелді. Біз комиссия мөлшерін тікелей реттемейміз", – деді ол.