Ақмола облысында әйел адам ішімдікке салынып, құмар ойынға әуестенген күйеуін өлтіріп тынды

0
105

​Екеуінің арасында дау туып, аяғы өліммен аяқталған.


Ақмола облысында әйел адам ішімдікке салынып, құмар ойынға әуестенген күйеуін өлтіріп тынды

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Ақмола облысында қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта алқабилердің қатысуымен 63 жастағы әйелдің ісі қаралды. Ол зорлық пен қорлықтың әсерінен аффект жағдайында азаматтық жұбайын өлтіргені үшін істі болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Сот анықтағандай, әйел адам азаматтық некедегі жұбайымен жанжал кезінде зорлық-зомбылық пен қорлықтың әсерінен қатты жан күйзелісі (аффект) жағдайында қорғанған. Сол сәтте айыпталушы ас үй пышағымен жарақат салған, нәтижесінде күйеуі көп қан жоғалтып, ауруханада қайтыс болған.

Тергеу деректері

Тергеу органдары әйел адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен аса ауыр қылмыс, яғни қасақана кісі өлтіру бойынша айыптаған.

Іс материалдарына сәйкес, әйел адам күйеуінің жұмыс істемей, карта ойнап, ішімдікке әуестенгеніне наразылық білдірген. Сол кезде күйеуі оны басынан және бетінен ұрған. Бұған жауап ретінде әйел адам көкөніс турауға пайдаланған пышағын сұғып алады, артынша жедел жәрдем шақырған.

Алқабилердің шешімі

Алқабилердің шешімімен К. ҚР ҚК 101-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап зорлық пен қорлықтың салдарынан туындаған аффект жағдайында кісі өлтіру (орташа ауырлықтағы қылмыс) деп танылады.

Үкім және жазаны жеңілдету

Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының 63 жаста екенін; марқұмның туыстары тарапынан материалдық және моральдық шағымның болмағанын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алды.

Сот үкімімен әйел адамға 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Алайда «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық туралы» заң қолданылып, айыпталушы жазадан босатылды.