Степняк қаласында жаңа үлгідегі үш қабатты аурухана пайдалануға берілді.
ERNUR.KZ. Ақмола облысында екі жаңа медициналық мекеменің салтанатты ашылуы өтті – Біржан сал ауданының Степняк қаласында заманауи аудандық аурухана мен емхана және Бұланды ауданының Партизанка ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт өз жұмысын бастады. Бұл нысандар ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуда маңызды қадам болды, деп хабарлайды өңір әкімдігі.
Степняк қаласында жаңа үлгідегі үш қабатты аурухана пайдалануға берілді. Медициналық кешен қазіргі заман талаптарына сай жобаланып, сапалы әрі жайлы медициналық көмек көрсетуге арналған барлық жағдайлармен қамтылған. Бір ғимаратта терапиялық, хирургиялық, педиатриялық бөлімдер, күндізгі стационар және тәулігіне 200 адам қабылдай алатын емхана орналасқан. Бір-бірімен галереялар арқылы байланысқан төрт блок пациенттер мен қызметкерлердің еркін қозғалысын қамтамасыз етеді.
Мекемеде диагностика, емдеу және оңалтудың толық циклі ұйымдастырылған: жарық әрі кең кабинеттер, заманауи медициналық жабдықтар және білікті мамандар жұмыс істейді. Енді аудан тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ кешенді тексеруден өтіп, мамандар кеңесін алып, сапалы ем қабылдай алады.
Салтанатты шара барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова жаңа нысанның өңір үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Бүгін Степняк қаласында өңір үшін жаңа дәуірді бейнелейтін медициналық мекеме ашылуда. Президентіміз атап өткендей, азаматтардың денсаулығы – Әділетті Қазақстанның негізі. Біз бұл сөздерді нақты іспен дәлелдеп отырмыз. Көп жылдар бойы аудандық аурухана бірнеше онжылдық бұрын салынған ғимаратта қызмет етіп келді. Ал қазір оның орнында заманауи жабдықталған, жайлы әрі кең жаңа орталық бой көтерді. Бұл жоба денсаулық сақтау жүйесін нығайтып қана қоймай, мемлекеттік қамқорлықтың нақты бар екеніне халықтың сенімін арттырады», – деді Алтынай Әмренова.
Аурухана толық медициналық кадрлармен қамтамасыз етілген: мұнда түрлі саладағы дәрігерлер мен жас мамандарды қоса алғанда, 115 қызметкер еңбек етеді. Олар ауылдық медицинаны дамытуға өз үлестерін қосуда.
Сондай-ақ Бұланды ауданының Партизанка ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) ашылды. Бір ауысымда 40 адамды қабылдай алатын бұл мекеме 600-ден астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Пункт алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи жабдықтармен толық қамтылған: дефибрилляторлар, фетальды мониторлар, физиотерапиялық аппараттар, небулайзерлер, кардиографтар мен зертханалық құралдар орнатылған. Жаңа ғимарат жарық әрі жылы, электрмен жылытылады және орталықтандырылған сумен жабдықталған. Енді ауыл тұрғындары фельдшер немесе акушер кеңесін алып, тексеруден өтіп, талдау тапсырып, қажетті медициналық көмек алу үшін аудан орталығына бармай-ақ жергілікті жерде қызмет пайдалана алады.


