Компания қазіргі жағдайға байланысты сапары кейінге шегерілген жолаушылар үшін икемді шарттар қарастырған.
Фото: samolets.com
ERNUR.KZ. Air Astana компаниялар тобы Таяу Шығыс елдеріне тұрақты рейстерді тоқтату мерзімі ұзартылғанын ресми түрде мәлімдеді, деп жазады stan.kz.
Авиакомпанияның соңғы мәліметіне сәйкес, Дубай, Жидда, Медина және Доха бағыттарына ұшатын рейстер 2026 жылғы 10 наурызды қоса алғанға дейін орындалмайды. Сонымен қатар аталған бағыттарға әуе билеттерін сату уақытша тоқтатылып, шектеу 17 наурызға дейін жалғасады.
Компания қазіргі жағдайға байланысты сапары кейінге шегерілген жолаушылар үшін икемді шарттар қарастырған. Жолаушылар билеттерін балама күндерге 30 сәуірге дейін тегін қайта брондай алады. Ал сапардан толық бас тартқан жағдайда, билеттің ақшасын 11 наурызға дейін қайтарып алуға мүмкіндік бар.
Air Astana компаниясы жолаушылар мен экипаж қауіпсіздігі басты басымдық екенін атап өтті. Авиакомпания мамандары Таяу Шығыс өңіріндегі геосаяси жағдайды тәулік бойы бақылап отыр. Ұшу кестесіне қатысты кез келген өзгерістер туралы қосымша хабарланады.
Жолаушыларға әуежайға барар алдында рейс мәртебесін авиакомпанияның ресми сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы тексеру ұсынылады.


