АЭС атауына қатысты ұсыныстарды қабылдау 2025 жылғы 10 қазан сағат 23:59–да аяқталды.
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
ERNUR.KZ. Елімізде салынатын бірінші Атом электр стансасының атауына қатысты 28 мыңнан астам ұсыныс түсті. Бұл туралы Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті, деп жазады inform.kz.
- Байқау аяқталу сатысында тұр. Қазақстан азаматтарынан 28 мыңнан астам ұсыныс алдық. Үлкен қызығушылық байқалды. Қазір «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-пен бірге өтінімдердің құрылымын түсіну үшін жан-жақты талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең алдымен орналасу өңірін, жасын, гендерлік мәселелермен байланысты санатын түсініп алғымыз келеді. Содан кейін байқау комиссиясының қорытынды отырысын өткізу арқылы жинақтау жұмысы жүргізіліп, Балқаш стансасының түпкілікті атауы айқындалады, - деді агенттік басшысы Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, ұсыныстардың ішінде тарихи, географиялық атаулар, тарихи тұлғалардың есімдері, технологиялық шешімдермен байланысты өте танымал атаулар бар. Осы орайда ол комиссия мүшелеріне белгілі бір деңгейде ықпал етпеу үшін кейбір танымал атауларды атаудан бас тартты.
- Бұған дейін комиссия атауға толықтай сай келуі тиіс бірқатар өлшемшартты айқындаған болатын. Көпке бірдейлігі негізгі өлшемшарттардың бірі. Мұнан бөлек, атом саласының имиджіне сәйкестігіне байланысты мәселелер де бар. Ол Қазақстан халқы үшін мәдени-тарихи құндылықтарды да паш етуі тиіс. Олардың әуезді, қысқа, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде азаматтарға барынша түсінікті болуы айрықша маңызды. Мұның бәрі шешім қабылдау барысында назарға алынады, - деді Алмасадам Сәтқалиев.
АЭС атауына қатысты ұсыныстарды қабылдау 2025 жылғы 10 қазан сағат 23:59–да аяқталды. Бастаманың басты мақсаты — болашақ станцияның тарихи, мәдени және ұлттық маңызын бейнелейтін атауды таңдау.


