Абай мұрасы: заманауи ғылыми зерттеулер ұлы ойшыл мұрасының жаңа қырларын ашады

0
114

Қазіргі таңда ғылымды гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында Абай мұрасын зерттеуге бағытталған 17 ғылыми жоба жүзеге асырылып, бірқатары сәтті аяқталды.


Абай мұрасы: заманауи ғылыми зерттеулер ұлы ойшыл мұрасының жаңа қырларын ашады

ERNUR.KZ. Абайдың бай рухани мұрасын сақтау, жан-жақты зерделеу және кеңінен дәріптеу – мемлекеттік ғылыми саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Абайдың өмірі, шығармашылығы, философиялық көзқарастары мен тілдік мұрасын зерттеуге арналған іргелі және қолданбалы ғылыми жобаларға жүйелі қолдау көрсетіліп келеді, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Қазіргі таңда ғылымды гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында Абай мұрасын зерттеуге бағытталған 17 ғылыми жоба жүзеге асырылып, бірқатары сәтті аяқталды. Бұл зерттеулер 2020-2027 жылдар аралығын қамтып, еліміздің бес өңіріндегі 11 ғылыми ұйым мен жоғары оқу орнында жүргізіледі.

Ғылыми жобаларды іске асыруға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары қатысады. Зерттеулердің басым бөлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен қатар Nazarbayev University, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Философия, саясаттану және дінтану институты, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, «Нұр-Мүбәрак» университеті, Шәкәрім университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті де абайтану ғылымының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

Абай мұрасын зерттеудің негізгі ғылыми орталығы – Алматы қаласы. Астана қаласы екінші ірі ғылыми орталық ретінде қалыптасып, мұнда Абай философиясы мен қазіргі көшбасшылық үлгілерін зерделеуге арналған үш ауқымды жоба жүзеге асырылады. Зерттеулер ақынның тарихи отаны – Абай облысында, сондай-ақ Түркістан және Ақтөбе облыстарында да жүргізіледі. Бұл абайтану саласындағы ғылыми ізденістердің еліміздің түрлі өңірлерін кеңінен қамтып отырғанын көрсетеді.

Ғылыми жобалар сан алуан бағыттарды қамтып, Абай тұлғасы мен мұрасының бұрын толық ашылмаған қырларын жаңа ғылыми тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік береді.

Ғалымдар Абай дүниетанымының қалыптасу негіздерін, «Толық адам» ілімінің даму ерекшеліктерін, гуманизм философиясын және күллі адамзатқа деген сүйіспеншілік идеясын жан-жақты зерттеп жатыр. Жекелеген жобалар ақын шығармашылығының рухани бастауларына, оның түркі дүниесімен, шығыс философиясымен, Қожа Ахмет Ясауи мұрасымен, сондай-ақ орыс және еуропалық әдеби дәстүрлермен сабақтастығына арналған.

Әдебиеттану бағытындағы зерттеулерге де айрықша мән беріледі. Абай шығармалары алғаш рет Карл Юнгтің архетиптік теориясын қоса алғанда заманауи әдіснамалық тәсілдер негізінде кешенді зерттеледі. Соның нәтижесінде жаңа ғылыми монографиялар, шығармалардың электрондық каталогтары, поэтологиялық тезаурус және ғылыми дерекқорлар әзірленеді.

Абайтанудың цифрлық бағыты да қарқынды дамып келеді. Жобалар аясында Абай тілінің ұлттық корпусы, электрондық сөздіктер, заманауи цифрлық дерекқорлар, мәтіндерді морфологиялық және поэтикалық тұрғыдан автоматты таңбалау жүйелері, сондай-ақ ұлы ақынның барлық шығармаларын біріктіретін көпфункционалды веб-платформа әзірленеді.

Мәтінтану бағыты да маңызды орын алады. Ғалымдар Абай шығармаларының бірегей қолжазбаларын, атап айтқанда Мүрсейіттің 1905, 1907 және 1910 жылдардағы қолжазба нұсқаларын, сондай-ақ Тұрағұл қолжазбасын араб графикасынан қазіргі кирилл әліпбиіне түсіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Абай мен Шәкәрім тілінің тарихи-салыстырмалы ерекшеліктері зерттеліп, ақынның авторлық стилі мен сөз қолданысына ғылыми талдау жасалады.

Зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізу де басым бағыттардың бірі саналады. Қазіргі талаптарға сай «Қара сөздердің» жаңа ғылыми аудармасы әзірленіп, мектептерде қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі жетілдіріледі. Сондай-ақ білім беру бағдарламалары жаңартылып, Абай философиясын мамандар даярлау жүйесіне енгізудің заманауи тәсілдері әзірленеді.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл зерттеулер Абайдың философиялық, әдеби және рухани мұрасын тереңірек тануға ғана емес, оны заманауи ғылыми әдістер, цифрлық технологиялар мен білім беру тәжірибелері арқылы жас ұрпаққа кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Абайтануды мемлекеттік деңгейде жүйелі қолдау ұлттық зияткерлік мұраны сақтауға, гуманитарлық ғылымның дамуына және Абайдың Қазақстанның рухани мәдениеті мен әлемдік гуманистік ой кеңістігіндегі айрықша орнын одан әрі нығайтуға ықпал етеді.