Абай академиясы 94 ғылыми монографияны жарыққа шығарды

0
167

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Абай академиясы 2019 жылы Президент Жарлығымен құрылды.


Абай академиясы 94 ғылыми монографияны жарыққа шығарды

ERNUR.KZ. Осы уақыт аралығында 94 ғылыми монография жарық көрді. Еңбектерге ЕҰУ ғалымдарымен қатар, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі абайтанушы зерттеушілердің де еңбектері енген. Бұл туралы ОКҚ алаңында ЕҰУ «Абай академиясы» ҒЗИ ғылыми хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Айман Ақтанова айтты.

Оның сөзінше, зерттеулер филологиямен ғана шектелмейді. Олардың қатарында философиялық, психологиялық бағыттағы еңбектер де бар. Мәселен, «Абайдың социумы» атты көптомдық зерттеуде Абай мұрасының қазіргі қоғамдағы орны, ақын шығармаларын заманауи ортада пайдалану мәселелері қарастырылған.

Айман Ақтанова абайтанудың тәуелсіздік жылдарында жаңа ғылыми бағыттарда дамып келе жатқанын атап өтті.

«Академия қорында Тұрсын Жұртбай, Жаңғара Дәдебаев, Шәкір Ыбыраев, Жанат Әскербек және басқа да ғалымдардың еңбектері бар. Олардың арасында Абай шығармаларын герменевтикалық тұрғыдан талдауға арналған зерттеулер де кездеседі. Бұл бағыт ақын шығармаларындағы әр сөздің мағынасы мен қолданылуын терең зерделеуге мүмкіндік береді», – деді спикер баспасөз конференциясында.

Абайдың шығармашылығына қатысты туындылар еліміздің барлық кітапханасы біріктірілген бірыңғай жүйеде қолжетімді болады. Бұны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет хабарлады. Оның айтуынша, ел Президенті кітапханаларға қажетті бірыңғай ұлттық электронды платформа құруды тапсырған. Яғни енді оқырмандар үшін бірыңғай билет беріледі. Қаламгерлер өз туындыларын ұсынатын жүйе қалыптастырылады. Арнайы каталогта кез келген облыста қандай кітаптың бар екені, данасы жайлы ақпарат жинақталады. Бұл жұмысты іске асырудың тетіктері Үкіметке ұсынылды.

«Бұған дейін де қолданыстағы ақпараттық жүйеміз болған. Соның ішінде де біз Абайдың мұраларын сандық форматта былтыр жүктеп, оқырмандарға қолжетімді еткенбіз. Енді алдағы уақытта Бірыңғай платформа арқасында «Кітапхана және кітап баспа ісі туралы» жаңа заңның ішінде де осы платформаның міндеттері айқындалады. Абайдың мұрасы оның ішінде бөлек бір модуль ретінде ұсынылады. Алдағы уақытта жазылған еңбектер де соның ішінде автордың рұқсатын алып отырып ұсынылады», – деді спикер.