А санатынан Е санатына дейін: Қазақстанда қандай табысы бар әйелдер декреттік төлемін ала алмайды

0
90

​Табысы бірдей екі отбасының балы әртүрлі болуы мүмкін.


А санатынан Е санатына дейін: Қазақстанда қандай табысы бар әйелдер декреттік төлемін ала алмайды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгереді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 39 мемлекеттік жәрдемақының 14 түрін отбасының әлеуметтік жағдайын ескере отырып беруді ұсынды. Ереже барлық азаматқа бірдей қолданылмайды, өзгерістер «Отбасының цифрлық картасы» арқылы әл-ауқаты жоғары деп танылған А және В санатындағы отбасыларға қатысты болып отыр. Өзгерістер туралы хабарламалар азаматтарға бүгіннен бастап SMS, eGov Mobile немесе банк қосымшасы арқылы келе бастайды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Отбасының әлеуметтік жағдайын анықтаған кезде тек ай сайынғы табысы ғана емес, сонымен қатар кредиті, көлігі, баспанасы, жұмыспен қамтылуы, бала саны, денсаулығы, білім алуы және тіпті ауыл шаруашылығындағы мүлкі де түгел есепке алынады.

Отбасының санаты қалай анықталады?

«Отбасының цифрлық картасы» жүйесінде әрбір көрсеткішке белгілі бір балл қосылады немесе шегеріледі. Барлық көрсеткіш жинақталып, отбасының жалпы қорытынды балы шығады.

Нәтижесінде отбасылар бес санатқа бөлінеді:

А санаты – 1800 балл және одан жоғары;

В санаты – 730–1799 балл;

С санаты – −30-дан 729 балға дейін;

D санаты – −460-тан −29 балға дейін;

Е санаты – −459 балл және одан төмен.

Жүйе бойынша 730 баллдан жоғары жинағандар В немесе одан жоғары санатқа (А және В) жатады. Егер жаңа тәртіп қабылданса, дәл осы санаттағы отбасылардың жәрдемақы алу құқығы жеке қаралатын болады. Белгілі бір санатқа түсу жәрдемақының автоматты түрде тоқтайтынын білдірмейді, өйткені әр әлеуметтік төлемнің өз ережесі бар.

Қай жәрдемақыны беру тәртібі өзгеруі мүмкін?

Бұл өзгеріс бала туғаннан берілетін төлемдерден бастап мүгедектік пен асыраушысынан айырылуға байланысты жәрдемақыларға дейінгі бірнеше әлеуметтік қолдау түрлерін қамтиды:

  • Бала туғанда және 1,5 жасқа дейінгі күтіміне берілетін жәрдемақылар;
  • Көпбалалы отбасылар мен көпбалалы аналарға берілетін төлемдер;
  • Мүгедектігі бар баланы немесе I топтағы мүгедектігі бар адамды күтіп отырған тұлғаларға арналған төлемдер;
  • Мүгедектікке және асыраушысынан айырылуға байланысты төлемдер;
  • Жерлеуге берілетін жәрдемақы;
  • Ардагерлерге, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және мемлекеттік жоғары атақтарға ие азаматтарға арналған арнайы жәрдемақылар.

Мәселен, адамның I топтағы мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алу құқығы сақталуы ықтимал, ал бала тууына байланысты жаңа төлемді тағайындау кезінде отбасының әл-ауқаты қосымша тексерілуі мүмкін.

Табысы бірдей екі отбасының ұпайы неге әртүрлі болуы мүмкін?

Жүйе табысқа ғана қарамай, отбасының өмір сүру жағдайын жан-жақты бағалайды. Оған мына факторлар әсер етеді:

Кредит және қарыздар: егер отбасының төлейтін несиесі болса, 50 балл шегеріледі. Ал 90 күннен астам уақыт бойы өтелмеген 1000 теңгеден асатын қарыз болса, отбасының бір кәмелетке толған мүшесінде бар болса 250 балл, ал барлық ересектерде болса 500 балл шегеріледі.

Көлік саны: бір жеңіл көлік үшін балл қосылмайды. Екі көлік болса 50 балл, үш және одан көп көлік болса 100 балл қосылады. Коммерциялық көлік пен ауыл шаруашылығы техникасы да бөлек бағаланады, техника түріне қарай 80–100 балл қосылады.

Балалар саны мен денсаулық жағдайы: бала саны баллды төмендетеді, мәселен, бір балаға 50, екі балаға 100, үш балаға 150, төрт және одан көп балаға 200 балл шегеріледі. Сондай-ақ отбасында мүгедектігі бар адам немесе бала болса, созылмалы ауруы бар науқас тіркелсе, жүйе баллды азайтып, әлеуметтік жүктемені ескереді.

Жұмыспен қамтылу және кәсіпкерлік: еңбекке қабілетті адам жұмыс істемесе 100 балл шегеріледі. Бір адам жұмыс істесе 150 балл, екі немесе одан көп адам жұмыс істесе 300 балл қосылады. Жеке кәсіпкер немесе құрылтайшы болу да есепке алынады.

Баспана жағдайы: баспанасы жоқ отбасыдан 200 балл шегеріледі. Үйдегі әр адамға келетін орын 18 шаршы метрден аз болса, тағы 80 балл шегеріледі. Керісінше, бірнеше үйі барларға, мысалы, 2-3 үйге 100 балл, ал 11-ден көп үйге 2000 балл қосымша ұпай жазылады. Тіркеуде жоқ адамдардан 100 балл шегеріледі.

Ауыл шаруашылығы мүлкі: ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтың құны мен жер учаскесі де ескеріліп, шаруашылық құнына қарай 50-ден 600 балға дейін қосылады.

Азаматтар не істеуі керек?

Отбасының әлеуметтік санаты цифрлық жүйедегі мәліметтер негізінде анықталатындықтан, әр азамат өз деректерінің дұрыс жазылғанына мән беруі тиіс. Отбасы құрамы, баспана, көлік немесе жұмыс орны туралы ақпарат қате көрсетілсе, бұл жалпы балға әсер етеді.