70 жастағы қазақстандық апа отыз келілік қошқарды 40 рет көтеріп, көпшілікті таңғалдырды

0
110

Фестиваль қонақтары 30 келілік қошқар макетімен отырып-тұру сайысына ерекше көңіл бөлді.


70 жастағы қазақстандық апа отыз келілік қошқарды 40 рет көтеріп, көпшілікті таңғалдырды

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы Қасым Қайсенов кентінде өткен заманауи көшпенділер фестивалінде 70 жастағы апа отыз келілік қошқарды бірнеше рет көтеріп, көпті таңғалдырды, деп жазады stan.kz.

Қатысушылар арқан тарту, дәстүрлі садақ ату, ләңгі тебу, қошқар бейнесіндегі 30 келілік макетті көтеру, белбеу күресі және асық атудан өзара сынға түсті.

Фестиваль қонақтары 30 келілік қошқар макетімен отырып-тұру сайысына ерекше көңіл бөлді. Бұл оңай сынақ болған жоқ. Қатысушылар үшін жас кедергі болмаған. Сайыстың басты жұлдызы 70 жастағы апа болды. Ол салмағы 30 келі болатын макетті 40 рет көтеріп, көрермендерді де, басқа қатысушыларды да таңғалдырды.

Ерлер арасында да ерекше нәтижелер тіркелді. Қатысушылардың бірі қошқар макетімен 1 070 рет, тағы бірі 1 010 рет отырып-тұрған. Бұл көрсеткіштер фестивальдің спорттық бағдарламасындағы ең көп талқыланған сәттердің біріне айналды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыстың негізгі мақсаты жеңімпазды анықтау емес. Қонақтарды көшпенділердің дәстүрлі ойындарымен таныстырып, олардың бүгінгі өмірде де маңызы бар екенін көрсету болған. Сондықтан жарыстарда кәсіби спорттағыдай қатаң бәсеке болмаған. Мұнда ең маңыздысы — қатысу, эмоция және өз күшіңді сынап көру.