7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағын инвестиция арқылы көбейте алады

0
79

Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқаруға алты компания жіберілген.


7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағын инвестиция арқылы көбейте алады

Фото: Depositphotos.com

ERNUR.KZ. Енді ел тұрғындары зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға көбірек көлемде беру мүмкіндігіне ие, деп жазады inbusiness.kz.

2026 жылдың 7 қыркүйегінен бастап міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражаттың 100%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) сенімгерлік басқаруға беруге болады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 50%-дан аспайтын.

Салымшы өзі таңдаған басқарушы компанияның инвестициялық стратегиясы мен қаржылық көрсеткіштерін зерттеп, зейнетақы қаражатын соның басқаруына бере алады. Ол үшін БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет арқылы ЭЦҚ көмегімен өтініш тастау немесе қордың кез келген бөлімшесіне жүгіну қажет.

ИПБ БЖЗҚ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасуы, сондай-ақ БЖЗҚ және кастодиан-банкпен үшжақты кастодиандық шарт жасасуы қажет.

Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқаруға алты компания жіберілген.

Олар:

  • "Alatau City Invest" АҚ;
  • "BCC Invest" АҚ;
  • "Halyk Global Markets" АҚ;
  • "Halyk Finance" АҚ;
  • "Сентрас Секьюритиз" АҚ;
  • "Tansar Capital" АҚ.
"Halyk Global Markets" АҚ 2025 жылғы 30 желтоқсанда БЖЗҚ-ға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ИПБ бастамасымен шартты бұзу туралы хабарлады. Осыған байланысты БЖЗҚ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың зейнетақы активтерін оның басқаруына аудару туралы жаңа өтініштерін қабылдамайды. Компания тізілімнен шығарылған жағдайда, салымшылардың жинақтары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің басқаруына қайтарылады, – делінген ресми мәліметте.

Басқарушы компанияны таңдамас бұрын оның инвестициялық кірістілігіне, портфель құрылымына және қаржылық көрсеткіштеріне назар аудару маңызды. Бұл ақпарат invest.enpf.kz платформасында жарияланады.

Қорыта айтқанда, қазақстандықтар 7 қыркүйектен бастап зейнетақы жинақтарының барлығын мемлекеттік басқаруда қалдыруға немесе өз таңдауы бойынша жеке инвестициялық басқарушы компанияға сенімгерлік басқаруға бере алады.