Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.
ERNUR.KZ. 2025 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдардың 323,7 мың тапсырысы орындалды, оның ішінде: оңалтудың техникалық құралдарына шамамен 246,3 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 7,7 мың – ымдау тілі қызметін, 45,3 мың – жеке көмекшінің, 32,5 мың – санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минисрлігі.
Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.
Бүгінде Порталда 680 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 981 ОТҚ жеткізушісі, 31 мыңнан астам жеке көмекші, 761 ымдау тілі және 130 санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.
Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.