1,8 млн тонна арпа экспортталды

0
99

Қазақстан 2024–2025 жылының ағымдағы кезеңінде арпа экспортын айтарлықтай арттырды.


1,8 млн тонна арпа экспортталды

ERNUR.KZ. 2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы тамызға дейінгі аралықта арпаның сыртқа жеткізілу көлемі 1,82 млн тоннаны құрады, бұл өткен маусымның осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп (+952,6 мың тонна), деп хабарлайды ҚР АШМ.

Экспорт көлемінің артуына 3,84 млн тонна көлеміндегі жоғары өнім, Иран мен Қытай тарапынан қазақстандық астыққа сұраныстың күшеюі, сондай-ақ отандық арпаның бәсекеге қабілетті бағасы ықпал етті.

Атап айтқанда, Иранға 1,064 млн тонна арпа экспортталды (бұл өткен маусыммен салыстырғанда 30 есеге жуық артық), Қытайға — 414,4 мың тонна, Өзбекстанға — 125,2 мың тонна жөнелтілді.

Экспортқа сұраныстың артуы ішкі нарықтағы бағаның өсуіне оң әсер етті. Егер 2024 жылғы қыркүйекте арпаның тоннасы 50–52 мың теңге деңгейінде болса, 2025 жылғы тамыз айының басында ол 85–87 мың теңге аралығында тұрақтады.

2024–2025 маркетингтік жыл қорытындысы бойынша қазақстандық арпа экспортының көлемі 1,9 млн тонна деңгейінде болады деп болжануда.

Сонымен қатар, ішкі нарықтағы жағдай тұрақты. Бұл ретте «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ 500 мың тонна бидай және 200 мың тонна көлеміндегі жемдік қор (бидай мен арпа) есебінен нарықтағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп отыр.

Астық бағасының өсуі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қызметіне оң әсерін тигізіп, шаруа қожалықтарының рентабельділігін сақтауға, фермерлердің қосымша қарызсыз ағымдағы шығындарын уақытылы өтеуіне, сондай-ақ шаруашылықты дамыту мен сақтау инфрақұрылымына инвестиция салуына мүмкіндік беріп отыр.