Туристік пойыз Алматы қаласынан жолға шығып, Алматы — Түркістан — Ташкент — Самарқан — Бұқара — Алматы бағыты бойынша қатынайды.
фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. 2025 жылғы 6 мамырда «Жолаушылар тасымалы» АҚ іске қосқан «Keruen Express» туристік пойызының сапарына 130-дан астам жолаушы аттанды. Қазақстан мен Өзбекстанды жалғайтын бұл бағыт саяхатшыларға қос мемлекеттің бай тарихи және мәдени мұрасымен танысуға айрықша мүмкіндік береді.
Туристік пойыз Алматы қаласынан жолға шығып, Алматы — Түркістан — Ташкент — Самарқан — Бұқара — Алматы бағыты бойынша қатынайды. Саяхаттың ұзақтығы — 6 күн, атап айтқанда 2025 жылғы 6-11 мамыр аралығын қамтиды.
Аталған құрам — Қазақстан мен Өзбекстан арасында қатынайтын алтыншы туристік пойыз саналады. Пойыз бес заманауи вагоннан құралған, оның төртеуі — купе, біреуі — мейрамхана-вагон. Отандық өндірістен шыққан бұл вагондар жолаушылардың жайлы сапар шегуі үшін барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ішкі интерьері қазақтың ұлттық өрнектерімен сәнделіп, ерекше атмосфера қалыптастырады.
Бағыт өңірдің аса маңызды мәдени және тарихи орталықтарын қамтиды. Бағдарлама аясында келесі танымал сәулет және тарихи нысандарға бару көзделген:
• Түркістан — Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Отырар қалашығы;
• Самарқан — Әмір Темір кесенесі мен Регистан алаңы;
• Бұқара — Арк қорғаны және Ляби-Хауз алаңы;
• Ташкент — Хазрет Имам мемориалды кешені мен Төле би кесенесі және өзге де көрнекті орындар.
Тур құнына пойызбен сапарлау, кәсіби гидтер жүргізетін экскурсиялық бағдарлама, барлық нысандарға кіру билеттері, сондай-ақ туроператорлар ұйымдастырған трансфер қызметтері толықтай кіреді.
Жоба «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бастамасымен, сондай-ақ Өзбекстан темір жолдары, Қазақстан Республикасының Туризм комитеті, ҚР Көлік министрлігі және Kazakh Tourism компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.
«Keruen Express» туристік пойызының іске қосылуы — Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени ынтымақтастықты тереңдетуге және өңірдің бай тарихи мұрасын кеңінен насихаттауға жол ашатын теміржол туризмін дамытудағы елеулі әрі маңызды қадам.