1 қыркүйектен бастап мұғалімдерге қатысты жаңа жүйе іске қосылады

0
126

​2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап елімізде педагогтерді аттестаттаудың пилоттық жобасы іске қосылады.


1 қыркүйектен бастап мұғалімдерге қатысты жаңа жүйе іске қосылады

ERNUR.KZ. Қазақстанда педагогтерді аттестаттаудың жаңа форматы сынақтан өткізіледі. Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап мұғалімдерді аттестаттау бойынша пилоттық жоба іске қосылады, деп жазады baq.kz.

Жаңа жүйеге қатысу ерікті негізде жүзеге асырылады. Аттестаттаудан өтуді қалайтын педагогтер арнайы платформа арқылы өтініш береді.

Пилоттық жоба аясында мұғалімдердің кәсіби цифрлық профилі қалыптастырылады. Ол әртүрлі мемлекеттік дерекқорлардан алынатын мәліметтер мен құжаттарды жинақтау және өңдеу арқылы жасалады.

Цифрлық профиль талаптарға сәйкес келген жағдайда педагогтер біліктілік бағалауынан және қызмет нәтижелерін кешенді талдаудан өтеді.

Нәтижесінде:

  • «екінші санатты» педагогтерге – «педагог-модератор» біліктілік санаты;
  • «бірінші санатты» және «жоғары санатты» педагогтерге – «педагог-сарапшы» біліктілік санаты берілуі немесе расталуы мүмкін.

Педагогтердің цифрлық профилін арнайы комиссия 2026 жылғы 1 қыркүйек пен 15 желтоқсан аралығында қарайды.

Қарау қорытындысы бойынша комиссия екі шешімнің бірін қабылдайды:

  • мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келеді;
  • мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келмейді.

Берілген немесе расталған біліктілік санатының жарамдылық мерзімі бес жылды құрайды.

Айта кетейік, пилоттық жоба Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 5 маусымдағы №159-НҚ бұйрығымен бекітілген. Құжат 2026 жылғы 1 тамыздан бастап күшіне енеді және 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданылады.